БІРІНШІ МЕКТУБ
БІРІНШІ СҰРАҚ: Хазіреті Хызыр Алейһиссаламның тірі екені рас па? Рас болса кейбір мықты ғалымдар оның тірі екенін неге қабылдамайды?
Жауабы: Тірі, бірақ ол біздікінен бөлек әлемде өмір сүруде. Ондай бес әлем бар. Ол екінші мәртебеде. Сондықтан кейбір ғалымдар оның тірі екеніне күмәнмен қараған. Ондай әлем бесеу дедік.
Біріншісі: Біздің әлеміміз. Бұл әлемнің көптеген шарттары мен шектеулері бар.
Екіншісі: Хазіреті Хызыр мен Иляс Алейһиссәламның әлемі. Бұл әлемнің шарт-шектеулері аз. Яғни, олар бір мезгілде бірнеше жерде бола алады. Біз сияқты тұрмыстық қажеттіліктерге тәуелді емес. Қалаған уақытында біз секілді ішіп-жейді, бірақ біз сияқты мәжбүр емес. "Әһл-и шухуд уә кәшф" деп аталатын әулиелердің Хазіреті Хызырмен арасында болған нақты оқиғалар бұл әлемнің жарқын дәлелі. Тіпті әулиелік жолда "Хызыр мақамы" деп аталатын дәреже бар. Бұл дәрежеге жеткен әулие Хазіреті Хызырмен кездесіп одан сабақ алады. Кейде осы әулиені Хызырдың өзімен шатастырады.
Үшіншісі: Хазіреті Ыдырыс пен Иса Алейһиссәламның әлемі. Олар адами тұрмыстық қажетіліктерге мұқтаж емес. Періштелердің өмірі сияқты, бір өмірге кіріп, нұрлы мөлдірлік, нәзіктікке бөленеді. Бейне бір мағнауи дене әдемілігінде және жұлдыздар сияқты нұрлы
денеде болған дүниедегі денесімен аспан әлемінде болып отыр. «Ақырзаманда Хазіреті Иса Алейһиссалам келеді, Мұхаммедтің (с.а.у.) шариғатымен амал ететін болады» деген мағынадағы хадистің сыры мынау болса керек:
Ақырзаманда материалистік философиядан туындаған Құдайды жоққа шығарудың атейстік пікірі белең алады. Есесіне, әртүрлі аңыз-ертегілерден арылған Христиан діні оған қарсы шығып, Исламға оралып, тазарады. Сол діннің рухани тұлғасы Уаһидің қылышымен, яғни, Құранның ақиқатымен әлгі сұмдық дінсіздік пікірінің рухани тұлғасын өлтіреді. Сондай-ақ, Хазіреті Иса Алейһиссалам Христиан дінінің рухани тұлғасының уәкілі ретінде дінсіздіктің рухани тұлғасының уәкілі-Тажалды өлтіреді... яғни, Құдайды жоққа шығару пікірін жояды.
Төртіншісі: Шәһидтердің әлемі. Қабірде жатқан жай адамдарға қарағанда шәһидтердің әлемі жоғарырақ екендігі Құранда анық айтылған. Иә, Шәһидтер дүниелік өмірін хақ жолына пида еткендіктен, Хақ Тағала кемел кеңшілігімен берзах әлемінде оларға дүниелік өмірге ұқсас, бірақ мұңсыз, бейнетсіз рахат өмір сыйлайды. Олар өздерінің өліп қалғандарын білмейді. "Бұрынғыдан да жақсы әлемге кетіп қалдық" - деп біледі. Мол бақытқа бөленіп, рахаттанады. Өлім арқылы болатын қоштасудың ащы қайғысын сезінбейді. Шынымда қабірдегі жай адамдардың да рухтары мәңгі, дегенмен олар, өздерінің өліп қалғандарын біледі. Олардың берзах әлемінде көрген қызықтары мен алған ләззаттары шәһидтердікіне жетпейді.
Мысалға: Екі адам түсінде жәннат секілді әсем бір сарайда жүреді. Біреуі мұның түс екенін біледі. Алған рахаттылығы мен ләззаты өте ноқсан. "Оянып кетсем мына ләззат бітіп қалады" дегенді ойлап жатады. Екіншісі, мұның түс екенін білмейді. Шынайы ләззат пен бақытқа бөленеді.
Міне, өлген адамдар мен шәһидтердің берзах әлеміндегі жағдайдан пайдаланулары осылай әртүрлі. Шәһидтердің осындай әлемде өмір сүре беретіндіктерін, әрі өздерін тірі деп ойлайтындықтарын дәлелдейтін көптеген оқиғалар мен риуаяттар бар. Тіпті, шәһидтердің ең жоғары мәртебелісі Хазіреті Хамзаның (р.һ.) өзінен медет сұрағандарды желеп-жебейтіні, сондай-ақ, олардың дүниялық істерін жасап беруі және басқаларға жасаттыруы сияқты көптеген оқиғалар
ондай әлемнің бар екенін айқындап, дәлелдей түседі. Тіпті өзімнің Үбейд дейтін інім, әрі шәкіртім, соғыста менің жанымда жүріп, менің орныма шәһид болды. Кейінірек, мен ол жерден үш айлық жерде тұтқында болған кезімде, оның қайда жерленгенін білмесем де, түсімде жер астындағы қабірін зиярат еттім. Бұл әрине жәй бір түс емес, ақиқатқа сай оқиға еді. Мен оны шәһидтердің арасынан таптым. Ол мені өліп қалды деп, көп жылағанын айтты. Өзін тірімін деп жүр. Отанын орыстар басып алғандықтан, өзіне жер астынан әдемі пана жасап алғанын айтты. Міне, бұл қысқа ғана түс, кейбір шарттар және белгілермен жоғарыда айтылған ақиқатты көзбен көргендей нақтылай түседі.
Бесіншісі: Қайтыс болған адамдардың рухани әлемі. Иә, өлім дегеніміз - орын ауыстыру, рухтың бостандыққа шығуы, жүктелген міндеттен босатылуы. Ол әрине жоқ болып
құрып кету емес. Кейбір әулие адамдардың рухтарының көрінуі, сондай-ақ, басқа да өлген кісілердің бізбен не түсімізде, не өңімізде байланыс құруы және дұрыс хабар беруі сияқты дәлелдер, әлгі әлемнің бар екенін айқындап, нақтылай түседі. Ал, рухтың мәңгі екендігі жайлы баяндайтын "Жиырма тоғызыншы Сөз", ол әлемнің бар екенін нақты айғақтармен дәлелдеп берген-ді.
ЕКІНШІ СҰРАҚ: Құранда:
сияқты аяттарда: "Өлім де өмір секілді жаратылыс һәм нығмет" деп түсіндіріледі. Алайда сырттай қарағанда, өлім дегеніміз - ажырап ыдырау, жоғалу, шіру, өмірдің сөнуі, ләззатардың жойылуы емес пе? ол қалай жаратылыс және нығмет бола алады?
Жауап: Бірінші сұрақтың жауабының соңында айтылғандай: Өлім - өмірдегі уәзипадан, міндеттерден босау, демалыс, мекен ауыстыру, басқа бір болмыс түріне ауысу мәңгі өмірге шақыру, бастама, бақи тіршіліктің кіріспесі. Қалайша бір тірі жанның дүниеге келуі - тағдырдың жазуы арқылы құдіретпен болады. Сондай-ақ дүниеден кетуі де, тағдырдың жазуы мен хикметпен басқару арқылы құдіретпен болады. Өйткені тіршілік иесінің ең төмен сатысы өсімдіктердің өлімі - өмірінен әлдеқайда жүйелі, өнер туындысы. Өйткені жемістер мен дәндердің өлімі - сырт көзге шіру, үгітіліп ыдырау болып көрінгенімен, шындығында, өте тәртіпті бір химиялық процесстен, элементтердің өлшемді түрде бір-біріне араласуынан және хикметті түрде атомдардың түзілуінен тұратын илену. Олардың осы көзге көрінбейтін жүйелі әрі хикметті өлімі өсімдіктің өсіп шығуы арқылы тіршілікке айналады.
Демек, дәннің өлімі - өсімдіктің көктеуінің, тіпті оның өмірінің дәл өзі болғандықтан, бұл өлім де өмір секілді жүйелі жаратылыс.
Сондай-ақ, тіршілік иесі жемістер мен жан-жануарлардың адам асқазанына түсіп қорытылуы, яғни өлуі, олардың жоғары, адам өмірі деңгейіне көтерілуіне негіз болатындықтан олардың ол өлімі тіршілігінен әлдеқайда жүйелі құбылыс және жаратылыс деуге болады.
Міне, тіршіліктің ең қарапайым сатысы өсімдіктердің тіршілігі аяқталып өлуі, осындай хикметке толы жүйелі жаратылыс болатын болса, тіршіліктің жоғары сатысы адам өмірінің аяқталуы, яғни өлуі әлбетте жерге түскен дәннің жер бетіне өніп шығып, ауада жайқалған ағашқа айналатыны іспетті, жерге көмілген адам да әлбетте берзах әлемінде мәңгі өмірдің қауызын жаратын болады.
Ал, өлімнің нығмет екендігін көрсететін көптеген жақтары бар. Соның төртеуіне ғана ишара етеміз.
Біріншісі: Өлім - қиындап кеткен өмір міндетінен және тіршілік жүгінен азат етеді. Достарының жүзде тоқсан тоғызы кеткен берзах әлеміне апаратын есік болғандықтан ол - ең үлкен нығмет.
Екіншісі: Аумалы-төкпелі, қиыншылығы мол, тар дүние зынданынан шығып, кең, қайғысыз, қуанышты бақи әлемге өтіп, Махбуб-ы Бақидың мейіріміне бөлену.
Үшіншісі: Тұрмыс шарттарын қиындатып жіберетін қарттық, тағы да басқа себептер өлімнің өмірден де артық нығмет екенін көрсетеді.
Мәселен сені қынжылтып, күйзелтетін әбден қартайған әкең мен шешеңе қоса, атаңның аталары аянышты халде, қазір сенің алдыңда тұрса, өмір неткен бейнет, өлім қандай нығмет екендігін білер едің. Тағы бір мысал: Әдемі гүлдердің ғашықтары болған әдемі әрі нәзік көбелектер мен аралардың қыстың сақылдаған аязында тірі жүрулері қаншалықты бейнет, өлімдері қаншалықты мейірім екендігі түсінікті болар.
Төртіншісі: Ұйқы қалайша жан тыныштығы, бір рахаттану, әсіресе, басына іс түскендер мен жаралылар, аурулар үшін нағыз мейірім. Солай да ұйқының үлкен туысы болған өлім де қиын жағдайға ұшырағандарға және өзін-өзі өлтіруге дейін итермелейтін бәлеге душар болғандар үшін нығмет пен шынайы мейірімнің дәл өзі. "Рисалей Нұрда" талай рет нақты дәлелденгеніндей дінсіздер үшін өлім де, өмір сияқты бейнет үстіне бейнет, азап үстіне азап... Ол жағы тақырыптан тыс.
ҮШІНШІ СҰРАҚ: Жәһәннам қай жерде?
Жәһәннам кейбір риуаяттар бойынша жер шарының астында. Басқа жерлерде де айтқанымыздай, Жер шары бір жылдық орбитасында болашақта махшар жері болатын бір алаңды айналып, шеңбер сызып жүр. Жәһәннам, жердің сол жылдық орбитасының астында деген сөз. Ол перделі һәм нұрсыз от болғандықтан көрінбейді және байқалмайды. Жер шары саяхат етіп жүрген кеңістікте көптеген жаратылыс бар, бірақ олар нұрсыз болғандықтан көрінбейді. Айға нұр түспесе көрінбей қалатыны сияқты, көптеген нұрсыз планеталар, жаратылыстар көз алдымызда болса да, біз оларды көре алмаймыз.
Әзірге Жәһәннам екеу, біреуі кішкентай, біреуі үлкен. Болашақта кішісі үлкенге айналады. Қазір кішісі үлкенінің шағын үлгісі, бейне бір тұқымы деуге болады.. Болашақта үлкен жәһәннамнан өз орнын алады. Кіші жәһаннам жердің ортасында. Геология ілімі бойынша әр бір отыз үш метр тереңдеген сайын жылу бір градусқа артатыны белгілі. Ал жердің радиусы алты мың шақырымнан астам. Демек ол жерде екі жүз мың градустық от бар деген сөз. Ол дүниелік оттан екі жүз есе ыстық. Яғни хадисте айтылған ыстыққа сәйкес келеді. Осы кіші жәһәннам дүниеде және берзах әлемінде үлкен жәһәннамға тиіесілі көптеген міндеттерді атқаруда. Ол туралы көптеген хадистерде ишара етілген. Ақырет күні Жер шары өз тұрғындарын жылдық орбитасындағы махшар алаңына төгеді. Солайда ішіндегі кішкентай жәһәннамды Аллаһтың әмірімен үлкен жәһәннамға тапсырады. Әзірге үлкен жәһәннам өз тұрғындарына лайық, толық қызмет көрсетіп тұрмағандықтан, кейбір Муғтазила имамдары: "Жәһәннам кейіннен жаратылады" дегені қате және ақылсыздық. Сондай-ақ, ақырет әлеміне тиісті көзге көрінбейтін ғайып пердесінің
ар жағындағы нәрселерді дүниелік көзбен көріп, көрсету үшін не ғаламды кішірейтіп, екі ауыл сияқты қылып қою керек, не болмаса көзіміз жұлдыздай үлкен болуы керек, сонда ғана оларды көріп біле аламыз. وَالْعِلْمُ عِنْدَ اللّٰهِ Ақырет әлеміне тиісті орындар, бұл дүниелік көзімізге көрінбейді. Дегенмен кейбір риуаяттардың ишаралары бойынша, ақыреттегі жәһәннамның бұл дүниемен байланысы бар. Жаздың қатты ыстығына مِنْ فَيْحِ جَهَنَّمَ деп айтылады.
Демек, мына дүниелік сығырайған, көмескі ақыл көзімен сондай үлкен жәһәннам көрінбейді. Бірақ Аллаһтың Хаким есімінің нұрымен қарауға болар.
Ол былай: Жердің бір жылдық орбитасының астындағы үлкен жәһәннам, жердің ортасындағы кіші жәһәннамды, құдды бір өзінің уәкіліндей етіп, кейбір міндеттерін жүктеген. Қадир-і Зүлжәлалдің иелігі өте кең. Иләһи хикмет қай жерді қаласа, үлкен жәһәннам сол жерге орналасады. Иә, Қадир-і Зүлжәлал, كُنْ فَيَكُونُ әмірінің иесі Хаким-і Зүлжәмал көз алдымызда кемел хикметпен жүйелі тәртіп бойынша айды жерге байлап қойған Ұлы Құдірет, кәміл жүйе арқылы жерді күнмен байланыстыруда. Рубубиетінің ұлылығы - Күнді де айналасындағы ғаламшарлармен қоса, жер шарының бір жылдық жылдамдығына жақын жылдамдықпен, Шәмс-ул шумуске (ең үлкен күн) қарай жылжытып бара жатқан болуы мүмкін.
Сондай-ақ, безендіру үшін жасалған электр лампалары сияқты жұлдыздарды Рубубиетінің билігіне нұрлы дәлелдер етіп, сол арқылы Рубубиетінің билігі мен Құдіретінің ұлылығын көрсетіп тұр.
Міне, үлкен Жәһәннамды, электр лампаларына жарық беретін станцияның қазандығы етіп, аспан әлемінің ақыретке қатысты жұлдыздарын сол арқылы жағып, қызу мен қуат беру, яғни, нұр әлемі болған Жәннәттан жұлдыздарға нұр беріп, Жәһәннамнан от пен қызу беруі, дәл сол халде Жәһәннамның бір бөлігін азапқа лайық күнәһарларға мекен және түрме жасау хикметінің кемелдігі мен құдіретінің ұлылығына және рубубиетінің билігіне қиын шаруа емес. Әр бір Фатир-ы Хаким ғой алып ағашты, тырнақтай дәнге сиғызып, сақтап қояды. Әлбетте жер шарының ортасындағы кішкене жәһәннамның дәніне де үлкен жәһәннамды сыйғызып қою, Зат-ы Зүлжәлалдың Құдіреті мен Хикметіне сай нәрсе.
Қорытынды: Жәннат пен Жәһәннам - жаратылыс ағашының мәңгілікке қарай бет алып, иіліп бара жатқан бұтағының екі жемісі. Жемістің орны бұтақтың ұшында болады. Һәм, ғалам атты тізбектің екі ұшы, яғни нәтижесі. Нәтижелер тізбектің екі басында болады. Жаманы мен нашары астында, нұрлы әрі тәуірі үстінде. Һәм, Раббани істердің көріністері мен жер бетіндегі рухани жемістердің екі қамбасы. Қамбаның орны өнімдердің түріне байланысты: нашары астында, жақсысы үстінде. Һәм мәңгілікке қарай әрекет еткен және толқынданып селдей аққан жаратылыс ағысының екі тоғаны. Тоған болса - ағыстың тоқтап, жиналған жерінде болады. Яғни ласы мен қоқысы төменде, тазасы мен мөлдірі жоғарыда. Сондай-ақ, мейірім мен қаһардың, рахым мен ұлылықтың екі көріну сахнасы. Бұл, кез-келген жерде болуы мүмкін. Рахман-ы Зүлжәмәл, Қаһһар-ы Зүлжәләл қалаған жеріне орнатады.
Ал, Жәннат пен Жәһаннамның бар екендігі Оныншы және Жиырма сегізінші һәм Жиырма тоғызыншы Сөздерде нақты дәлелденген болатын. Енді сөзімді түйіндейтін болсақ: Ағаш болса, міндетті түрде жемісі де бар. Жемістің бар екендігі бұтақтың болмысынан анық, нәтиженің болатындығы тізбектің тұрпатынан көрініп тұр. Қамбаның болатынын оған келіп түсетін өнімнен, тоғанның болатынын оған ағып келетін өзеннен көреміз. Мейірім мен қаһар бар жерде олардың көрініс табатын жері де бар. Бұған күмән жоқ.
ТӨРТІНШІ СҰРАҚ: Сүйіктілерге деген уақытша махаббат Аллаһқа деген махаббатқа айналатыны секілді, апырым-ай көп адамдарда болатын дүниеге деген махаббат Аллаһқа деген махаббатқа ұласуы мүмкін бе?
Жауап: Мүмкін, егер дүниенің өткінші жағына ғашық адам, дүниенің тұрақсыз, тез аяқталып қалатын жағының жағымсыздықтарын көріп, одан теріс айналар болса, мәңгі, бақи сүйіктіні іздесе, дүниенің Иләһи есімдердің айнасы және ахиреттің егістік алқабы болған өте әдемі өзге де қырларына қарай алса, міне сол кезде, шариғатқа қайшы келетін өткінші ғашықтық, шынайы ғашықтыққа айнала бастайды. Бірақ бір шарты бар: Өзінің өткінші және жеке өміріне тікелей байланысты тұрақсыз дүниесін, сыртқы дүниемен шатастырмауы керек. Егер адасқандар мен ғафылдарға ұқсап, өзінің кім екенін ұмытып, өзіне қатысы шамалы сыртқы, ортақ
әлемге өз әлемім деп қарап, соған ғашық болса, онда материализмнің ұйығына батып кетеді. Әрине, егер ғажайып түрде Аллаһтың жарылқауы құтқармаса...
Бұл ақиқатты түсіну үшін мына тәмсілге қара: Мәселен, мына әдемі безендірілген бөлменің төрт қабырғасында, төртеумізге тиісті төрт үлкен айна болса, бес бөлме пайда болады. Біреуі шын және бәрімізге ортақ, төртеуі мисали және әр қайсымызға тиесілі жеке бөлме. Біз өз айнамыз арқылы өзімізге тиісті бөлмеміздің түр-түсін өзгерте аламыз. Қызыл бояу жақсақ қызыл, жасыл бояу жақсақ жасыл етіп көрсетеді. Айнаға әсер ету арқылы көп нәрселерді өзгерте аламыз. Көріксіз қылып, немесе әдемі етіп көрсетуге, неше түрлі етіп қоюға болады. Бірақ, шын және ортақ бөлмеге оңайлықпен әсер етіп, өзгерте алмаймыз. Айнадағы жеке бөлме мен бәрімізге ортақ бөлме шындығында бір-ақ бөлме болғанымен, жағдаят мүлдем басқа. Сен өз бөлмеңді оп-оңай қирата аласың, бірақ екіншісінің бір тасын да, қимылдата алмайсың.
Мына дүниені тамаша бір бөлме десек, әрбіріміздің өміріміз үлкен айна іспеттес. Бұл дүниеде әрқайсымызға тиесілі жеке дүниямыз, жеке әлеміміз бар. Бірақ оның керегесі, іргетасы, есігі әркімнің өз өмірі. Осы жеке әлеміміз парақ болса, өміріміз қалам.... Сол қаламмен амал дәптерімізге көп нәрселер жазылуда. Енді осынша ынтық болған әлемімізге қарасақ, бұл әлеміміз өз өміріміздің үстіне тұрғызылғандықтан ол да сол өміріміз секілді баянсыз, фәни екенін сезіп білсек, енді, оған деген махаббатымыз, сол өміріміздің өзі айна болып көрсетіп тұрған Иләһи есімдердің тамаша нақыш-өрнектеріне бет бұрады. Одан сол есімдердің көріністеріне ауады. Енді сол жеке өміріміз ақырет пен жұмақтың уақытша көшет өсіретін жері екенін түсініп, сол жеке дүниемізге деген шектен тыс құмарлық пен махаббат секілді сезімдерімізді өмірдің нәтижесі, өнімі, жемісі болған ақыреттік пайдаларына қарай бұрған кезде ғана, дүниеге деген махаббат Аллаһқа деген махаббатқа айналады.
Әйтпесе, نَسُوا اللّٰهَ فَاَنْسٰيهُمْ اَنْفُسَهُمْ اُولٰٓئِكَ هُمُ الْفَاسِقُونَ сырына нысана болып, ақиқатында өздерінің кім екенін ұмытып, өмірдің бітетінін ойламай, өзінің тұрақсыз жеке әлеміне баршаға ортақ әлем сияқты тұрақты деп қарап, өзін өлмейтіндей көріп, дүниеге берілсе, соған жан-тәнімен жабысса, дүниеге тұншығып батып кетеді. Ондай
махаббат, адамды шексіз азапқа салып, бәлеге ұшыратады. Өйткені ондай махаббаттан, қолынан түк келмейтін шарасыз жанашырлық, үмітсіз аяныш туындайды. Бүкіл тіршілік иелерін аяп, жаны ашиды. Тіпті жойылып кететін бүкіл әдемі жаратылыстарды аяп, налиды, қолынан еш нәрсе келмей толық үмітсіз қайғыға түседі. Ал бейқамдықтан құтылған әуелгі адам, ондай қатты аяныштан туындаған қайғыны басатын қасиетті дәрі табады. Яғни, жаны ашыған бүкіл тіршілік иелерінің өлуі мен жойылуынан Зат-ы Бақидың бақи есімдерінің тоқтаусыз шағылыстарын көрсететін айналарының бақи екенін, яғни рухтарының мәңгі екенін көреді, аянышы қуанышқа айналады. Бұл жерде уақытша ғана өмір сүріп, жойылып кетіп жатқан бүкіл әдемі жаратылыстардың арғы жағында киелі де пәк сұлулықты сездіретін есім-сипаттардың тұрғанын сезіп, бұл Соның әдемі ою-өрнегі, тамаша нақышы, жарылқауы, үздіксіз нұрландыруы деп көреді. Уақытша нәрселердің жойылуы мен жоқ болуы әсемдікті одан әрі арттыру, ләззатты жаңалау, өнерді көрсету үшін жасалып жатқан жаңартулар екенін көріп, ләззаты мен құштарлығы, таңданысы арта түседі.