Жарқыраулар
— 45 —

Оныншы Лема

"Мейірім шапалақтары" рисалесі
﴿ بِسْمِ اللّٰهِ الرَّحْمٰنِ الرَّح۪يمِ ﴾
﴿ يَوْمَ تَجِدُ كُلُّ نَفْسٍ مَا عَمِلَتْ مِنْ خَيْرٍ مُحْضَرًا وَمَا عَمِلَتْ مِنْ سُٓوءٍ تَوَدُّ لَوْ اَنَّ بَيْنَهَا وَبَيْنَهُٓ اَمَدًا بَع۪يدًا وَيُحَذِّرُكُمُ اللّٰهُ نَفْسَهُ وَاللّٰهُ رَؤُفٌ بِالْعِبَادِ ﴾

аятының бір сырын Құранға қызмет етіп жүрген достарымның пендешілікпен жаңылып, қателесуінің нәтижесінде ескертпелі мейірім шапалақтарын баяндау арқылы тәпсірлейміз. Құран қызметіндегі кереметтердің бір тізбегі және осы киелі қызметті Аллаһтың рұқсатымен бақылап, дұғасымен желеп-жебеп жүрген Ғаус-Ағзамның өзіндік бір кереметі баяндалмақ. Мұны осы киелі қызметте жүргендер ықыластарын сақтап, одан әрі табандылық танытсын деп жазып отырмыз.

Бұл киелі қызметтің кереметі үш түрлі.

Біріншісі. Осы қызметке жағдай жасау, ұйымдастыру және қызметшілерін осы қызметке әкелу жағы.

Екіншісі. Кедергілерді жою және зиян берушілердің жамандықтарын тойтарып, ондай пиғылды адамдардың жазасын беру.

Бұл екеуінің оқиғалары өте көп, егер жазар болсақ ұзаққа созылады.

{(Сілтеме): Мысалға, Халық Партиясы Нұр шәкірттеріне көп қиянат жасап, азапқа салғандықтан бұл дүнияда оңбай, өздері жасаған зұлымдықтарынан бетер қиналып, сазайларын тартты.}

Оларды кейінге қалдырып, ең жеңіл түрі үшіншісінен бастаймыз.

Үшіншісі. Бұл былай; Өз қызметін ықыласпен атқарып жүргендер сол қызметте немқұрайлылық танытқан кезде мейірім шапалағын жеп, есін жинайды да қызметін одан әрі жалғастыра береді. Мұндай оқиғалар жүзден асып жығылады. Біз тек жиырма оқиғаны баяндаймыз. Оның он үш-он төрті мейірім шапалағы, қалған алтау-жетеуі жәбір шапалағы.

— 46 —

БІРІНШІСІ. Мына бейшара Саид. Қызметте жалқаулығым ұстап "қажеті не!" деп, өзіме қатысты іспен шұғылдана бастасам болды шапалақ жейтінмін. Сонда өз-өзіме келіп, селқостығымның сазайын тартқандығыма көзім жететін. Өйткені, қандай мақсат мені селқостыққа итерген болса, сол ісім керісінше боп, шапалақ келіп тиетін-ді. Басқа достарымның да жеген мейірім шапалақтарының себебін байқап отырсам дәл мен секілді қандай іске көңіл бұрған болса, сол жақтан шапалақ жеген. Ал, бұл оқиғаның бәрі Құран қызметінің кереметі екеніне шүбә жоқ.

Мысалы, мен Ван қаласында Құраннан дәріс беріп жүрген кезімде "Шейх Саид оқиғасы" деп аталған саяси дүмпу болып, қатаң да күмәншіл үкімет күдіктілерді бақылауға алып жатса да, маған ешқашан тиіскен емес. Содан "қажеті не!" деп жеке басымның қамын ойлап, ақыретім үшін Ерек тауындағы ескі бір үңгірге орналастым. Дәл сол кезде мені еш себепсіз тұтқындап, жер аударып жіберді. Бурдур қаласына әкеліп орналастырды. Ол жерде де Құран қызметімен шұғылдана бастадым. Ол кездері жер аударылғандарды жіті бақылауға алатын. Күнде кешкісін әрқайсымызды жеке жеке түгендейтін, бірақ мен, адал шәкірттеріммен бірге одан тыс қалып жүрдім. Мен, бірдебір рет сол түгендеулерге қатысып көрмедім, бақылаушылардың назарынан тыс қалатынмын. Бірде Февзи Паша келген кезде ол жердің әкімі мен туралы шағымданса керек, Февзи Паша: "Ол кісіге тиіспеңдер! Құрмет көрсетіңдер!" депті. Әрине, оған бұл сөзді айтқызған Құран қызметінің кереметі ғой. Тағы бірде ақыретімнің қамын жасайын деп Құран қызметінде жалқаулық таныттым. Тағы да шапалақ жедім. Яғни, ол жерден тағы бір жерге (Спартаға) жер аударылдым. Ол жақта да қызметімді қайта жалғастырдым. Содан жиырма шақты күн өткен соң көлеңкесінен қорқатын кейбіреулер: "Бұл әрекетіңді өкімет жақтырмауы мүмкін. Біраз уақыт сақтық жасап, қоя тұрғаның жөн болар" деп кеңес берді. Осы сөзден кейін тағы да жеке басымды ойлап: "Жұрт келуді доғарсын!" дедім. Сол-ақ екен, үшінші рет жер аударылып Барлаға әкеліндім. Барлада жалқаулық танытып, немесе жеке басымды күйттесем болды, дереу бұ дүниені ғана ойлаушы, қара ниетті, екіжүзді біреулер шығып тиісе кетеді. Соңғы сегіз жылда осындай сексен оқиғаны айтуға болар еді, жалықтырмау үшін қысқа қайырдым.

— 47 —

Ей, бауырларым! Мен өзім жеген мейірім шапалақтар жайлы айттым. Ал сендердің бастарыңа келген сондай мейірім шапалақтары жайлы рұқсат берсеңдер айтайын. Тек ренжімеңдер! Ренжитіндер болса, атын айтпай жалпылама айтайын.

ЕКІНШІСІ. Өз інім әрі ең алғашқы ынталы шәкірттерімнің бірі - Абдулмәжид. Оның Ван қаласында тәп-тәуір бір үйі бар еді. Сондай-ақ өзіне ұнайтын мұғалімдік қызмет атқаратын. Құран қызметі үшін маңызды болған менің шекара жаққа кетуім туралы ойыма ол қосыла қоймады. Оның ойынша мен шекара жаққа кетіп қалсам Құран қызметіне саясат араласып, тоқырап қалатындай көрді. Өзін де Ван қаласынан көшіріп жібереді деп қорықтса керек. Осы ойы үшін мейірім шапалағын жеді. Ван қаласынан көшірілді, әлгі әдемі үйінен де айырылды. Елден жырақ Ерғани қаласына көшуге мәжбүр болды.

ҮШІНШІСІ. Құранның озат қызметшісі Хулуси Бей, Эгридир қаласынан туған еліне қайтқан кезде, дүниелік бақытқа қызықтырар себептер көбейіп кетіп ақыреттік, Құран қызметіне селқостық танытты. Атап айтсақ, көптен бері көрмеген әке-шешесіне қауышты. Сағынған елін-жерін көрді. Сонша сағынып барғандықтан дүния оған ыстық көрініп, күлімдей қарсы алды. Алайда, Құран қызметінде жүргендерден дүниелік қызықтар сырт айналуы, немесе оның өзі дүниелік қызықтардан сырт айналуы керек. Сонда ғана Шынайы ықыласпен Құранға қызмет ете алады. Шыны керек, Хулуси бейдің жүрегі анау-мынауға беріле қоймайтын-ды. Бірақ бұл жағдай оған біраз ықпал етсе керек, дереу соның шапалағын жеп, жазасын тартты. Мұнапықтар бірнеше жыл оның мазасын алды. Дүниелік ләззаттардың дәмін қашыртты. Дүние одан, ол да дүниеден сырт айналды. Рухани міндетіне қайта кірісті.

ТӨРТІНШІСІ. Мухажир Хафиз Ахмед. Ол өзі айтады: Иә, мен кінәмді мойындаймын. Құран қызметіндегі ақырет жайлы көзқарасымда қателестім. Менің қызметке кедергі боларлық бір пікірім болатын. Осыдан кейін, өте тәтті алайда қатты бір шапалақ жедім. Ол былай болды: Ұстазымыз бидғаттарға {(Сілтеме): Яғни, азанды түрікшеге аударып шақыру секілді Ислам шариғатына қайшы әрекеттер.} қарсы болатын. Ал менің мешітім ол кісінің отырған жеріне жақын көрші едік. Қасиетті үш ай таяп қалған кез. Мешітімді тастап кетсем сауаптан құр қаламын, маңайдағылар да намаздарын тастап кетуі ықтимал. Жаңа

— 48 —

тәртіпті қабылдамасам жұмыстан шығып қаларым сөзсіз. Осындай себептерге байланысты, жанымдай жақсы көретін ұстазымның басқа бір жерге көшіп кетуін қаладым. Ол кісі басқа бір жерге кетіп қалса Құран қызметіне уақытша болса да кедергі келетінін ойламаппын. Дәл осы уақытта мен шапалақ жедім. Оның ауыр болғаны сондай, үш ай бойы өзіме-өзім келе алмай жүрдім. Алайда, Аллаһқа шүкір, ұстазымның көңіліне мынандай бір ой, мағынауи ескерту келіпті: "Ол қиыншылықтың әрбір минуты бір күндік құлшылыққа татитынын Аллаһтың Рахымынан күтуге болады екен". Өйткені, ол қателік қастықтан емес, тек ақыретімді ойлағандықтан болған-ды.

БЕСІНШІСІ. Хаққы Әфенді. Қазір мұнда болмағандықтан Хулусиге өкілдік еткенімдей оған да өкілдік етіп, басынан өткенін айтайын. Хаққы Әфенді шәкірттік міндетін шынайы атқарып жүрген кезде ауылына мінезі қырсық бір әкім келеді. Ол ұстазына да, өзіне де бір кесір тимесін деп, Рисалей-Нұрдан жазғандарын үйіне жасырып қойып, нұр қызметін уақытша тоқтатады. Дәл сол кезде мейірім шапалағын жейді. Мың лира айыппұл төлейтіндей істі болады. Бір жылдай соның әлегімен жүреді. Ақырында қайтып келіп, Құран қызметін әрі қарай жалғастырады. Сол кезде мейірім шапалағының үкімі де тоқтап ақталады. Бірде, шәкірттерге Құранды жаңа бір үлгіде {(Сілтеме): Құрандағы ғажайып әріптік сәйкестіктер де көрінетіндей етіп жазу.} жазу жұмысы шықты. Хаққы Әфендіге де ұсынылды. Құранның бір парасын өте әдемі түрде жазып шықты. Алайда күнкөріс мәселесіне байланысты өзін мәжбүр санап, қосымша жұмыс ретінде, арыз шағым жазып берумен айналысыпты. Сол кезде тағы бір мейірім шапалағын жеді. Қалам ұстайтын саусағы сынып қалды. Яғни, бұл саусақтарды һәм Құран жазу һәм арыз жазу жұмысына қатар қолдануға болмайды дегендей ескерту жасалды. Бөгде жұмыс істеп жүргенінен хабарымыз болмағандықтан бұл оқиғаға таңқалғанымыз бар. Сөйтсек, өте пәк Құран қызметін атқарып жүрген мұндай саусақ өзін басқа жұмысқа пайдалануды қаламаған екен. Хулуси бейді өзімдей көргендіктен оның атынан басынан өткен оқиғаларды жазған едім. Хаққы Әфенді де маған сондай жақын. Егер менің жазғаныма разы болмаса қалай шапалақ жегені жайлы өзі жазсын.

АЛТЫНШЫСЫ. Бәкір Әфенді. Қазір ол да жанымызда болмағандықтан Абдулмәжид бауырыма өкілдік еткенім секілді оған

— 49 —

да сенемін, Шамлы Хафиз бен Сүлеймен Әфендінің білгендеріне сүйене отырып айтарым: Бәкір Әфенді Оныншы сөзді баспаға беріп, бастырып шығарған еді.

Жаңа әріп шықпай тұрып бастырылуы үшін оған Құранның ғажайыптығын баяндайтын Жиырма бесінші сөзді де жібердік. оныншы сөздің баспа ақысын кейін жібергеніміздей оны да соңынан береміз деп айттық. Бәкір мырза менің ақшамның аз екенін ойлап, баспа құнының да төрт жүз банкнот мөлшерінде болатынын есептеп, өз қалтасынан төлесе ұстазым ренжитін шығар деген ойға алданыпты. Нәтижесінде кітап бастырылмай қалды. Құран қызметіне үлкен зиян келді. Содан екі ай өткенде тоғыз жүз лирасы ұрылардың қолында кетті. Мейірімді әрі қаттылау бір шапалақ жеді. Иншаллаһ, зая кеткен сол тоғыз жүз лира садақа болып саналар.

ЖЕТІНШІСІ. Шамлы Хафиз Тәуфиқ. Оның өзі айтады: Мен мұны мойындаймын. Білместіктен қателесіп Құран қызметіне кедергі болдым. Соның кесірінен екі мейірім шапалағын жедім.

Бұл екі жағдай дәл соған байланысты екеніне шүбә жоқ. Біріншісі, Әлхамдулиллаһ, Аллаһ маған Құран жазу оңай боларлықтай арабша жазу қабілетін сыйлаған еді. Ұстазым ең алдымен маған үш параны жаздыруға басқа достарыммен бірге бөліп берді. Бұл Құран жазу қызметі менің Рисалелерді көшіру жұмысыма кедергі болды. Арабша жазуы нашар басқа достарымнан асып түсетін шығармын деген мақтаныш сезімі де жоқ емес-ті. Тіпті, Ұстазым маған жазуға қатысты кеңес берген кезде, "бұл жұмыс маған белгілі ғой, маған ол туралы кеңес алудың қажеті жоқ" деп, өркөкіректендім. Міне, осындай көкіректігім үшін күтпеген бір шапалақ жедім. Арабша жазуы ең нашар бір досыма (Хусревке) жете алмай қалдым. Енді ойласақ, бұл бір шапалақ екен.

Екіншісі. Мұны өзім де мойындаймын. Құран қызметінде болуы тиіс қасиет, ықылас пен адал ниетті менің екі жағдайым бұзатын. Содан қатты шапалақ жедім. Атап айтсам, мен бұл жерге сырттан келген адаммын. Шағымданды демеңіздер, Ұстазымның маңызды ұстанымы болған үнемшілдік пен қанағатшылдық ережесін сақтай алмағаным үшін жиі-жиі пақыр халге ұшырайтынмын. Мақтаншақ, тәкаппар адамдармен аралас-құралас болуға мәжбүр болғандығымнан, Аллаһ кешірсін, оларға жағымпаздану секілді жаман әдетке де бой

— 50 —

алдырғаным бар. Ұстазым да талай рет ескертіп, сөгіс берген-ді. Бірақ, өзім ол әдетті қоя алмай жүретінмін. Алайда, Құран Хакимнің қызметіне жат болған мұндай әдетімді адам және жын-шайтандары пайдаланып, біздің ісімізге бөгет болатын. Сөйтіп, осы кемшілігім үшін өте қатты, (иншаллаһ) мейірім шапалағын жедім. Расында, бұл шапалақ дәл осы кемшілігім үшін келгеніне шүбә жоқ. Ол шапалақ мынау:

Мен сегіз жыл бойы Ұстазымның хатшысы, қызметшісі бола тұра сегіз ай бойы Нұрлардан пайдалана алмадым. Бұл жағдайға таң қалатынмын. Ұстазым екеуіміз: "Не болды екен?" деп, бұл жағдайдың себебін іздейтінбіз. Енді ғана түсінгендеймін: Бұл Құран ақиқаты нұр, жарық. Ол әсте жағымпаздық, надандық дейтін қараңғы нәрселермен жанаспайды. Мен надандармен араластым. Міне, сол себептен бұл нұрлардың ақиқаттары менен алыстап, мені бөтенсінген екен. Енді, Жаратқан Хақтан тілейтінім: Бұдан кейін Жаратушы Хақ маған осы қызметке лайық ықылас сыйласын, дүниеқұмар адамдарға жалбақтаудан сақтасын! Ұстазымнан бастап, басқа достарымның да маған дұға жасауын тілеймін!

Кемшілігі көп шамлы,
ХАФИЗ ТӘУФИҚ

СЕГІЗІНШІСІ. Сейрани дейтін кісі. Бұл да Хусрев секілді Нұрға құштар шәкіртім болатын. Спартадағы Құран сырларын ашатын және "джифр" ілімінің кілті саналатын әріптердің өзара сәйкестігі жайлы шәкірттерімнің ойларын жөн көрдім. Одан басқалар жаппай ынта танытты. Ал, ол болса жалғыз өзі басқа пікір мен бөтен ойда болып менің бұл ақиқаттан бас тартуымды қалады. Маған наразылық білдіріп, хат жазды. Мен: "Ойпырай, бұл шәкіртімнен айырылып қалмасам жарар еді..." деп уайымдадым. Пікірін өзгертуге тырыстым, бірақ ортаға басқа мағына килікті. Сол кезде ол мейірім шапалағын жеді. Бір жылға тарта оқшау жерге қамалды, түрмеге түсіп қалды.

ТОҒЫЗЫНШЫСЫ. Үлкен Хафиз Зүхдү еді. Бұл Ағрус қаласындағы Нұр шәкірттеріне жетекші болып жүрген кезде Пайғамбарымыздың көркем сүннетін мықтап ұстанып, бидғаттардан сақтануды өздеріне ереже-заң қылған шәкірттердің жолын менсінбей бұл дүниені ғана ойлайтын адамдардың арасында беделді боламын

— 51 —

деп, шатасты. Біздің жолымызға мүлдем қайшы келер қателік жасады. Ақырында қатты шапалақ жеді. Әулетінің абыройын түсіретін бір оқиғаға душар болды. Алайда, кіші Хафиз Зүхдүнің шапалақ жеуінің еш реті жоқ болса да қайғылы жағдай оны да шарпып өтті. Бәлкім, бұл оқиға оның жүрегін дүнияуи дерттен сауықтырып, Құранға толықтай бет бұруы үшін жасалған ота болар.

ОНЫНШЫСЫ. Хафиз Ахмед (рахметуллаһ) есімді адам. Бұл кісі екі үш жылдан бері Рисалелердің жазылуына ынталы түрде ат салысып жүретін-ді. Бір күні ынтасы азайды да көңілі дүнияға ауа бастады. Ниеті бұл дүниені ғана ойлаушылардан зиян көрмеу, мәртебесін өсіріп, сөзін тыңдату, тұрмыс жағдайын жақсарту болатын. Бірақ, соның кесірінен Құрани қызметке зиян келіп, ақырында екі шапалақ жеді. Біріншісі: Тұрмысы ауыр бола тұра, отбасына тағы да бес адам қосылды да жағдайы одан бетер қиындап кетті. Екіншісі: Намысқой тіпті, бір де бір адамның сөзін басынан асырмайтын бұл кісіні, азғын алаяқтар өздеріне қалқан етіп, абыройдан айырылды. Достарының жүзден тоқсанын жоғалтып, жүзден тоқсан адам оған қарсы болып шыға келді. Аллаһ кешірсін Иншаллаһ есін жиып, бұрынғыша өз міндетіне оралатын болар.

ОН БІРІНШІСІ. Бәлкім разы болмас деп, жазылмады.

ОН ЕКІНШІСІ. Мұғалім Ғалип. Иә, бұл адам Рисалелердің көшіріліп, таралуына көп қызмет етіп, қандай да бір қиыншылық кездессе мойымайтын. Жиі-жиі келіп, ден қоя тыңдап, бар ынтасымен жазатын. Кейін біреуге отыз лира төлеп, өзіне бүкіл Сөздер мен Мектубатты жаздырып алды. Ондағы мақсаты өз жерлестеріне жеткізіп олардың көзін ашпақ еді. Кейін бір ойға беріліп, Нұр рисалелерін таратуды қойып, сандыққа салып қойыпты. Аяқ астынан қиын бір жағдайға душар болды. Бір жылдай қамығып, қатты қиналды. Рисалелерге қызмет етсе оған қарсы болатын бірнеше үкімет адамының орнына, көптеген залым, ынсапсыз жау тауып алды. Кейбір достарынан да айырылып қалды.

ОН ҮШІНШІСІ. Хафиз Халид. Өзі былай дейді: Иә, бұл жағдай шынымен болған-ды. Ұстазымның Құран қызметіндегі жазып-жайып жүрген кітаптарын көшіріп, көбейту ісімен шұғылданып жүрген кезімде, сол жердегі мешітте имам едім. Бұрынғыша сәлде, шапан киіп жүруіме кедергі болар деген ниетпен Нұр қызметінен уақытша бас

— 52 —

тарттым. Осы пиғылымнан дереу бір мейірім шапалағын жедім. Имам бола тұра, мүфти қанша рет уәде берсе де сегіз-тоғыз ай бойы сәлде орап жүруге рұқсат ала алмадым. Бұл, әлгі пиғылымның кесірінен тиген шапалақ екеніне титтей де шүбәм қалмады. Мен, ұстаздың әрі хатшысы әрі көмекшісі едім ғой. Мен кетіп қалған соң қысылтаяң жағдайға түсіпті. Алайда, Құдайға шүкір дейміз, қателігімді түсіндім. Бұл қызметтің қаншалықты қасиетті екенін ұқтым. Үстімізде бір қорғаушы періштедей Шахы Гейлани сынды Ұстаз тұрғанына көзім әбден жетті.

Ізгі тілекпен,
ХАФИЗ ХАЛИД

ОН ТӨРТІНШІСІ. Үш Мұстафаға тиген жұмсақ "үш шапалақ".

Біріншісі. Мұстафа Чавуш. Сегіз жылдан бері шағын мешітіміздің бүкіл қызметін атқарып келді. Тіпті, пеш пен шамның шығындарымен қоса басқа да шығындарды сегіз жыл бойы өз қалтасынан өтеп жүргенін кейін білдік. Жамағат жиындары мен жұмаға өте тығыз шаруасы болмаса кешігу дегенді білмейтін-ді. Бір күні оған бұл дүниені ғана ойлайтындар: "Рисалей-Нұрдың хатшысы Хафиз сәлдесін шешсін, әйтпесе оған тиісуі мүмкін. Жасырын азан айтуды да қоя тұрыңдар. Осыны сен хатшыға айтарсың, зәбір көрмей тұрғанда қойсын" депті. Ол мұндай хабардың астарында не жатқанын аңғармапты. Құран қызметінде жүрген азаматтың, біреудің сәлдесін шешкізу туралы сөзді айтуы Мұстафа Чауыш сынды рухы асқақ адамдарға жараспайтын іс еді. Сол күні түнде түсімде Мұстафа Чауыш қолы кір-кір күйінде, ауыл әкімінің артынан еріп, бөлмеме кірді. Ертеңіне мен оған: "Мұстафа Чауыш, сен кіммен жолықтың, мен сені қолың кір-кір, әкіммен бірге жүргеніңді көрдім" дедім. Ол: "Ойпырм-ай! Маған әлгі сөзді ауыл әкімі айт деп еді. Мен оның астарында не жатқанын білмедім" деді. Сол күні мешітке бір литр жанармай алып келіпті. Мешіттің есігі ашық қалып, бір лақ ішке кіріп кетіпті. Соңынан кірген адам әлгі лақтың жайнамазды былғағанын көріп, құмырадағы жанармайды су екен деп, әлгі жерді сол маймен жуыпты. Бір ғажабы ол майдың иісін сезбеген. Міне, бұл ғажап оқиғадан мынаны түсіндік:

Мешіт хал тілімен Мұстафаға былай деген. "Сенің әкелген жанар майың бізге керек емес. Сенің жасаған қателігің үшін жанар-майыңды қабылдамаймын". Сондықтан әлгі адам иісін сезбесе керек. Тіпті, сол

— 53 —

апта жұма күні де, басқа намаздарға да, қанша тырысса да жамағатқа үлгере алмады. Тек, кейінірек шынайы тәуба жасаған соң ғана бұрынғы таза қалпына түсті.

Екінші және үшінші Мұстафа. Бұл, Кулеөніндегі ықыласпен қызмет ететін шәкіртім Мұстафа мен оның жан досы Хафиз Мұстафа еді. Мен айттан кейін әһли дүние бізге қысым жасап, Құран қызметіне бөгет болмасын деген оймен, оларға келмей тұра тұрсын деп бір хат жолдаған едім. Тіпті, келгісі келген жағдайда бір-бірлеп қана келсін дегем-ді. Бірақ, бұлар үшеуі қатарынан, бір күні кешке жетіп келді. Егер таң намазынан кейін ауа райы дұрыс болса қайтып кетуге ниет етті. Ешқандай қауіп жоқтай Мұстафа Чавуш та, Сүлеймен Әфенді де, мен де, оларды сақтандыру ойымызға келмепті, бәріміздің есімізден шығып кетіпті. Бір-бірімізге сеніп жайбарақат отыра беріппіз. Олар таң намазынан бұрын жолға шығып кетті. Жолда екі сағат бойы қатты боранның астында қалыпты. Тіпті бұдан аман қалмайтын шығар деп уайымдадық. Бұл күнге дейін осы қыстағыдай боранды көрмеппін және ешкімге де осынша жаным ашымапты. Содан Сүлейменнің жайбарақаттығының жазасы ретінде, олардың артынан жіберіп амансаулығын білмек болдым. Сонда Мұстафа Чавуш былай деді:

"Бұл шықса, ол да сондай жағдайға ұшырайды. Маған да оның артынан іздеп шығуға тура келеді. Ал, менің артымнан Абдуллаһ Чавуш шығатын болады!" Бұндай жағдайда, "тәуекел" деуден басқа шара жоқ деп ақырын күттік.

СҰРАҚ. Сіз, достарыңыздың басына келген қиыншылықтарды Құран қызметіндегі салғырттығы үшін берілген жаза, мейірім шапалағы дейсіз. Ал, Құран қызметіне тікелей тосқауыл болған қаскөй дұшпандар сап-сау жүр ғой. Неге достарға шапалақ тиіп, дұшпандарға түк болмайды?

ЖАУАП. اَلظُّلْمُ لَا يَدُومُ وَالْكُفْرُ يَدُومُ сыры бойынша достардың қателігі Құран қызметіне белгілі бір мағынада зұлымдық саналатындықтан дереу жазасын тартуда. Яғни, мейірім шапалағын жейді де есін жияды. Ал, қаскөй дұшпандардың Құран қызметіне қарсы келіп, кедергі болуы діннен безу болып саналады. Құран қызметіне қастандық жасап жүргендерін білсе де, білмесе де дінсіздік болып саналады. Дүниеде Дінсіздік жалғаса беретіндіктен олардың басым

— 54 —

көпшілігі бірден таяқ жемейді. Кішігірім қылмыс жасағандар тез жазаланып, ал, үлкен де ауыр қылмыс жасағандар кейінге, үлкен сотқа жіберілетіні секілді, Имандылар мен Құран қызметіндегі достарымның кішкене қателері тез арада дүнияуи жазамен өтеледі. Ал, адасқан кәпірлердің қылмыс-күнәлары өте ауыр болғандықтан, дүнияуи өмірге олардың жазасы сыймайтындықтан, Иләһи әділет оларды ақыреттегі Үлкен Сотқа тапсырып жатқандықтан, пәни өмірде жазаға тартылмай жатыр.

Хадис Шәрифте اَلدُّنْيَا سِجْنُ الْمُؤْمِنِ وَجَنَّةُ الْكَافِرِ деп осы ақиқатты мегзеген. Яғни, мұсылман адам, қателерінің біршама жазасын бұл дүниеде тартатындықтан бұл дүние олар үшін жазалау орны іспетті. Бұл дүние, олардың ақыреттік өмірімен салыстырғанда зындан, жәһаннам секілді. Ал кәпірлер болса ақырында Жәһаннамда мәңгі қалатындықтан жақсылықтарының қайырымын бұл дүниеде көріп, үлкен күнәларының жазасы кейінге қалдырылуда. Сондықтан ақыретпен салыстырғанда олардың Жәннаты осы дүние. Ақиқатында мүмин адам бұ дүниеде де кәпірден әлдеқайда бақытты. Өйткені, мүминнің иманы оның рухына Жәннат сыймайды. Ал, кәпірдің күпірлігі, оның жан дүниесін рухани түрде Жәһаннамның отына салуда.

﴿ سُبْحَانَكَ لَا عِلْمَ لَنَٓا اِلَّا مَا عَلَّمْتَنَٓا اِنَّكَ اَنْتَ الْعَل۪يمُ الْحَك۪يمُ ﴾