Он алтыншы Лема
Ғазиз, адал бауырларым Хожа Сабри, Хафыз Али, Месуд, Мұстафалар, Хусрев, Рефет, Бәкір Бей, Рүштү, Лүтфилер, Хафиз Ахмед, Шейх Мұстафа (рахметуллаһи алейһим) және басқалар... Сендерді ойландырып жүрген және сұрақ қоюға себеп болған "Төрт Кішкене Мәселе" жайлы қысқаша баяндауды жөн көрдім.
БІРІНШІСІ. Бауырым Чапраззаде Абдуллаһ Әфенді сынды кейбір адамдар былай дейді: "Әулиелердің айтуы бойынша өткен Рамазан айында әһл-и сүннет уәл жамағат бір жеңіске жетіп, үлкен табысқа ие болуы керек еді. Олардың дегені орындалмады. Мұндай әһл-и кәшф әулиелер қалай жаңсақ хабар береді"?
Менің көкейіме келген жауаптың қысқаша мазмұны мынадай болды:
Киелі хадисте былай дейді. "Кейде бір бәле келе жатқанда алдынан садақа шығып, оны кері қайтарады". Бұл хадистің мәнісі мынаны көрсетеді. Жазмыштағы оқиғалар кейбір шарттарға байланысты
орындалар кезде кейінге қалады. Демек, әулиелер жеткізген хабары мұтлақ емес, яғни міндетті түрде болатын түрі емес. Кейбір шарттарға тәуелді түрінен болғаны. Ол шарттар орындалмаған соң жүзеге аспай қалады. Алайда, ол оқиға тағдырдың өзіндік бір дәптерінде яғни, ләух-ы махв уә испатта белгіленіп жазылған-ды. Әһл-и кәшф әулиелердің көпшілігі әзәли ләухаға жете бермейді. Ол жерге шығатындар сирек. Осы сырға орай, өткен рамазан айында және құрбан айтта және басқа уақыттарда көрегендікпен берілген хабарлардың алғы шарттары орындалмай қалғандықтан жүзеге аспады. Бірақ бұл, хабар берушілердің өтірікші екенін көрсетпейді. Өйткені жазылғандығы рас, бірақ алғышарттары орындалмағандықтан іске аспай қалды. Иә, қасиетті Рамазанда бидғаттардың жойылуы үшін Әһл-и сүннет уәл жамағаттың көпшілігі шын жүректен дұға етуі шарт әрі ол маңызды себебі болатын. Өкінішке орай Қасиетті Рамазан айында мешіттерге бидғаттар кіріп, дұғалардың қабыл болуына кедергісін тигізіп, күткен жеңіс бола қоймады. "Садақа келе жатқан бәленің бетін қайтарады" деген хадистің сыры бойынша мұнда да көпшіліктің шынайы дұғатілектері жалпыға ортақ жеңістің бір шарты болатын. Алайда ол шарт орындалмағандықтан жеңіске қол жеткізу мүмкін болмай қалды.
ЕКІНШІ СҰРАҚ. Осы екі ай бойы дүрбелең саяси ахуалды пайдаланып, өзімнің де, достарымның да жағдайын жеңілдетуге қам жасаудың орнына әлгі саяси ахуалға ешқандай мән бермедім. Керісінше мені қыспаққа алғандарға да қарсылық көрсетпедім. Бұған кейбіреулер аң-таң болып, түсінбей қалды. Маған: "Саған қысым жасап отырған жоғарыдағы мұнапықтардың саяси әрекеттеріне қалай қарайсың? Біле тұра түк істемейсің бе?" деді. Менің оларға берген жауабым қысқаша былай болды: "Қазіргі кезеңде мұсылмандарға ең қауіпті нәрсе ғылым мен философиядан туындайтын адасушылықтан жүректердің қараюы мен иманның әлсіреуі. Ал мұны болдырмаудың бір ғана шарасы нұр. Нұрды көрсету арқылы жүректерін тазартып, иманын сақтап қалу. Егер саясат шоқпарымен іске кірісіп, жеңіске жеткен күннің өзінде әлгі кәпірлер мұнапыққа айналады. Ал мұнапық кәпірден бетер. Демек, мұндай бір кезеңде шоқпар жүректі тазарта алмайды. Ол кезде күпірлік жүрекке еніп, орнығып алады да, екіжүзділікке айналады. Нұрды да, шоқпарды да қатар алып жүру әсіресе қазіргі таңда мен секілді әлсіз пенденің қолынан келетін іс
емес. Сондықтан, мен бар күшіммен Нұрға жабысуға, қандай жағдай болсын саясаттың шоқпарын ұстамауға тырысып бақтым. Бірақ, кәдімгі ұрысқа кірісу қажет болса, ол дәл қазіргі біздің міндетіміз емес. Иә, кәпірлер мен діннен безгендердің шабуылын тойтару үшін шоқпардың қолданатын жері болар. Алайда, қолымыз екеу-ақ. Тіпті жүз қолымыз болса да тек Нұрға ғана жетеді. Шоқпар ұстайтын қолымыз жоқ!"
ҮШІНШІ СҰРАҚ. Жақында Англия мен Италия секілді шетелдердің бұл үкіметке қырғиқабақ танытуына байланысты бұрыннан бері біздегі үкіметтің шынайы тірегі, рухани күшінің қайнары болған Ислами ынта-жігерді қоздыру арқылы мұсылманшылықтың біршама оянуына және бидғаттарды едәуір жоятындай жағдай туып тұрғанда неліктен соғысқа қарсы болдың? Бұл мәселенің бейбіт жағдайда шешілуін тілеп, дұға еттің? Дінге жаңалық ендірушілердің құрған үкіметін қолдадың? Бұл бидғатшылардың жағына шығу емес пе?
ЖАУАП. Біз қашан да тыныштықты еркіндікті, қуанышты, таза жеңісті қалаймыз. Бірақ, кәпірлердің қылышы арқылы емес. Олардың қылышымен келген пайда бізге керек емес, олардың қылыштары өз бастарын шапсын. Онсыз да, өктемшіл жат елдіктер мұнапықтарды имандыларға айдап салып, діннен безгендердің санын едәуір көбейтті. Оның үстіне соғыс, біздің Құран қызметімізге үлкен зиян келтіреді. Менің ең таңдаулы достарымның көбінің жасы қырық бестен төмен болғандықтан қасиетті Құран қызметін тастап, түгел әскерге кетуге мәжбүр болар еді. Егер менің ақшам болса, шын көңіліммен ондай таңдаулы достарымды әскерден алып қалу үшін әрқайсысына мың лира болса да берер едім. Осындай жағдайда жүздеген таңдаулы бауырларымның Нұрлы Құран қызметін тастап дүнияуи соғыстың қолшоқпары болып кетуінен, жүз мыңдаған лира зая болып, көп шығынға ұшырар едік. Тіпті, бауырымыз Зекаидың екі жыл әскери борышын өтеуі мың лиралық рухани пайдадан құр қалдырған болар. Қадир Аллаһ егер қаласа, әп-сәтте аспандағы бұлттарды түгел тазартып, Күнді жарқырата қоятыны секілді, дінсіздіктің қара бұлтын да сейілтіп, күндей жарқыраған шариғаттың ақиқаттарын оп-оңай орната салады. Тек, біз мұның қымбатқа түспеуін Аллаһтың мейірімінен тілейік. Аллаһ Тағала жоғарыда отырғандардың басына ақыл, жүрегіне иман берсе болғаны, іс өзі-өзінен оңалып кетер еді.
ТӨРТІНШІ СҰРАҚ. Былай дейді: Сіздің қолыңыздағы шоқпар емес, нұр екен. Нұрға қарсы шығуға болмайды әрі, одан ешкімге зиян келмейді. Ендеше неге достарыңызға сақ болыңдар дейсіз? Неге нұрлы кітаптарыңыздың халыққа жаппай көрсетілуін қаламайсыз?
Бұл сұрақтың ең қысқа жауабы мынау. Жоғарыда отырған- дардың көбісі мас, оқымайды. Оқыса да, түсінбейді. Басқа мағына шығарып тиіседі. Сондықтан, олар өз-өзіне келгенше көрсетпеген абзал. Сондай-ақ, ұяттан безген көптеген пенделер бар. Олар Нұр рисалелеріне жау, немесе қырсық, нұрларға күдікпен қарап, оны өзіне қатерлі секілді көретіндіктен оқымақ түгілі, қолына да ұстағысы келмейді. Сол үшін бауырларымды үнемі сақтандырып отырамын. Ақиқатты түсінбейтіндердің де қолына беріп, бұл дүниені ғана ойлайтындардың үрей-күдігін қоздырып жүрмесін деп әрдайым ескертіп отырамын.
{(Сілтеме): Үлкен мәселеге ұйытқы болуы мүмкін бір оқиға. Кеше таңертең маған досымның күйеу баласы Мехмет келді. Қуанып тұрып, сүйінші сұрағандай: Сенің бір кітабың Спартада бастырылып, көпшілік қызыға оқып жатыр екен - деді. Мен оған: Оның бастырылуына тыйым салынбаған-ды. Көшіріп жазушы бір адам кейбір нұсқаларды көбейтсе керек. Оған үкімет қарсы емес. Бұл туралы анау екі мұнафық досыңа айтушы болма! Олар тиісу үшін осындай бір нәрсе іздеп жүр дедім.
Бауырларым! Бұл Мехмет бір досымның күйеу баласы екені рас. Сол тұрғыдан алғанда менің де туысқаным саналады. Дегенмен, шаштараз болғандықтан арсыз бір мұғалім мен мұнафық мүдірмен де дос болып жүр. Әлгі хабар бір жерде бауырымыздың аузынан байқамай шығып кеткен. Бұл да естіп алып айтып отыр. Бірақ, ең бірінші маған келіп айтқаны жақсы болды. Мен ескерткен соң бір жамандықтан аман қалдық, жол бермедік.
Осылайша, кітап бастыратын машинка арқылы Рисалей-Нұрдың мыңдаған нұсқалары бастырылып, тарап кетті.}
Қорытынды
Бүгін Рефет Бейден бір хат алдым. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) киелі сақалы жөніндегі сауалдарына былай деп жауап берер едім, Сахих хадис бойынша, Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сақалының саны шектеулі ғана. Отыз, қырық тіпті, көп болса елу алпыстан аспаса керек-ті. Көптеген жерде мыңдаған сақалдың болуы мені бір кездері қатты ойландырған-ды. Кейін мынадай пікірге келдім, ол қасиетті сақалдар тек қана сақалдары болмаса керек. Мүбәрак шаштарын алдырған кезде, ешбір нәрсені жерде қалдырмайтын ұқыпты сахабалар оларды сақтап жүрсе керек. Олай болса, олар мыңдап кездесуі әбден мүмкін. Тағы да, мынадай бір ой келді. Хазіреті Пайғамбардың сақалы деп көруге барғандарға сауап жазылатындай мешіттерде тұрған сақалдар шынымен солар ма екен?
Оған мынадай жауап келді. Расында, ол сақалдарды көру деген бір себеп- сылтау. Асылы Ардақты Пайғамбарымызға (с.а.у.) салауат айту және Оған деген сүйіспеншілікті білдіру. Ол бір ұйытқы себеп ғана. Себептің өзіне емес оның нәтижесіне мән берілуі тиіс. Сондықтан егер ол шаш, сақал Пайғамбарымыздікі болмаған күннің өзінде сол арқылы салауат пен құрмет көрсетіліп, үлкен қызмет атқарып тұрғандықтан, оның тегін сонша қазбалай берудің қажеті жоқ. Тек, ол еместігіне нақты дәлел болмаса болғаны. Өйткені жұрттың солай қабылдауы, солай көруі белгілі бір мағынада дәлел боп саналады. Кейбір тақуа кісілер бұған тақуалық ниетпен немесе сақтық үшін тиіссе дағы жекеше, өз тарапынан тиісер. Бидғат десе де, "жағымды бидғат" болып саналар. Өйткені, салауат айтуға себеп. Рефет бей хатында "Бауырларымыздың арасындағы бұл мәселе тартысқа себеп болуда!" дейді. Бауырларыма айтарым: "Мұны өзара араздыққа себеп болатындай дау-дамайға айналдырмаңдар! Тек, пікір алысу түрінде, ренжіспей сұхбаттасуды үйренген жөн!".
Ғазиз, адал Сениркенттік бауырларым Ибраһим, Шүкірі, Хафиз Бәкір, Хафиз Хүсейн, Хафиз Режеп әфенділер! Сендер Хафиз Тәуфиқ арқылы жолдаған үш мәселеге дінсіздер көптен бері тиісуде.
БІРІНШІСІ.
аятының ашық мағынасына қарасақ: "Күннің ыстық бір батпақты бұлаққа батқанын көріпті", дейді.
ЕКІНШІСІ. Зұлқарнайын қорғаны қайда?
ҮШІНШІСІ. Ақырзаманда Хазіреті Исаның (а.с.) келуі және Дажжалды өлтіруі жөніндегі мәселе.
Бұл сұрақтардың жауабы ұзақ болғандықтан қысқаша былай дейміз: Құран аяттары араб тілінің қағидаларына сай және қарапайым көпшілік түсіне алуы үшін көптеген теңеулер, мысалдар арқылы баяндайды. Міне, تَغْرُبُ ف۪ى عَيْنٍ حَمِئَةٍ яғни, Зұлқарнайын ыстық, батпақты бір бұлақ тәрізді көрінген батыстағы мұхиттың жиегіне немесе жанартаулы, тұманды таудың қырқасына күннің батып кеткенін көрген. Яғни, сырт көзге батыстағы мұхиттың жиегінде жаз күндері аптап ыстықтан маңайдағы батпақты жер әбден қапырық болып, бу көтерілген уақытта батыстағы мұқиттың Зұлқарнайынға өте үлкен бір бұлақ бейнесінде көрінген тұсына күннің батқаны айтылады. Немесе, жанартаудың тас пен топырақты араластыра атқылаған алапат жалыны мен буы қоса көтерілген бір таудың ұшар басында үңірейген отты көзге (бұлаққа) көктің көзіндей болған Күннің де батқанын байқаған.
Құран Хакимнің ғажайып шешендікпен баяндаған бұл сөйлемі өте көп мәселені көтеріп, күшті дәріс беруде. Ең әуелі, Зұлқарнайынның батыс жаққа сапар шеккені және аса ыстық мезгіл екендігі, батпақ екені, күннің бататын сәтіне кезіккені және жанартау атқылаған уақытқа сәйкес келгендігін баяндау арқылы Африканы толық бағындыруы секілді өте ғибартты мәселелерге ишара жасауда. Өздеріңе мәлім, күннің қозғалысы сырттай солай болғанымен, ақиқатында жердің жасырын әрекетіне дәлел, соны аңғарамыз. Ол жердегі мәселе күннің батқаны емес. Бұлақ дегені де ұқсату ғана. Алыстан алып теңіздің өзі кішкене қауыздай ғана болып көрінеді.
Аптап ыстықтан сағымдана көтерілген тұманды будың астында көрінген теңізді батпақ ішіндегі бір бұлаққа ұқсатуы. Арабшада бұлақ, күн және көз деген мағына беретін عَيْنٍ сөзінің, аса шешендікпен орынды айтылғандығы.
{(Сілтеме): Осы ف۪ى عَيْنٍ حَمِئَةٍ дағы عَيْنٍ сөзі шешендігі жөнінен мынаған ишара етеді: Аспан мен оның жүзі Күн іспетті көздерімен жержүзіндегі Аллаһтың Жамалын Рахымын тамашалағаннан кейін, Жер де өзінің теңіз көздері арқылы жоғарыдағы Иләһи ғажайыптарды кезегімен қызықтап, екі көз бірі-бірінің ішіне жабылғанда, жер бетіндегі көздер де жабылады, деу арқылы керемет сөздермен түсіндіреді, көздердің де демалатындығына ишара етуде.}
Бұл оқиға Зұлқарнайынның назарында алыстан солай көрінсе, Арш Ағзамнан келген аспани кітап Құранның Рахмани қонақүйі болған жер жүзіне бір шырақ міндетін атқарған қызметкер Күнді, біз Атлант мұхиты атап жүрген Раббани бір бұлаққа батып көзден таса болды деуі, өзінің аса ұлықтығына жарасады әрі мұғжизалы шешендігіне сай, теңізді бір ыстық бұлақ әрі тұманды бір көз іспетті ғажап етіп көрсетеді. Тіпті, көктердегі басқа көздерге де дәл солай көрінетіні анық.
ҚОРЫТЫНДЫ. Батыстағы Атлант мұхиты батпақты бір бұлақ деп суреттелуі Зұлқарнайынның алыстан оны бір ыстық бұлақ секілді көруіне байланысты болған. Ал Құран Хакимнің назары әрбір нәрсеге өте жақын болғандықтан Зұлқарнайынның алданған көзімен қарамайды. Құран көк жүзінен қарайтын назары арқылы жер бетін бір шаршы алаң, үлкен бір сарай, кейде бір бесік, кейде бір парақ секілді көретіндіктен тұман басып, буы бұрқыраған үлкен мұхитты батыстағы бір кішкене бұлақ деуі, Құранның ауқымдылығын дәлелдеп тұр.
ЕКІНШІ СҰРАҒЫҢЫЗ. Зұлқарнайын қорғаны қай жерде? Яжүж - Мәжүж деген кімдер?
Жауап. Бұдан бұрын бұл мәселе жөнінде бір рисале жазғанмын. Сол кезде дінсіздердің аузына құм құйған едік. Қазір ол рисале жоқ, ол кездегі жазғандарым да есіме түсе қояр емес. Жиырма төртінші Сөздің Үшінші тармағында бұл мәселе біраз жазылған-ды. Сондықтан, кейбір маңызды тұстарына ғана қысқаша тоқталып өтеміз.
Зерттеуші ғалымдардың айтуынша және Зұлқарнайын деп аталуына қарағанда Иемен патшаларынан "Зүл-иезен" секілді "зү" сөзімен
басталған атауесімдерге байланысты бұл Зұлқарнайын, Ескендір Руми емес яғни Македониялық Ескендір емес. Бұл Иемен патшаларының бірі. Ол Хазіреті Ибраһим заманында өмір сүрген, Хазіреті Хызырдан дәріс алған. Ал, Ескендір Руми болса, шамамен милади жыл санаудан үш жүз жыл бұрын болған, Аристотельден дәріс алған. Адамдар жазған тарих нақты түрде үш мың жылдық оқиғаларды ғана қамти алады. Мұндай қысқа тарихпен Хазіреті Ибраһимнің заманынан бұрынғы дәуірді шолып, нақты хабар беру қиын. Қазіргі тарих я, ойдан шығарылған, я, болмаса болған оқиғаларды жоққа шығарып, я болмаса шала-шарпы қысқа қайырады. Бұл Иемендік Зұлқарнайын тәпсірлерде бұрыннан бері Ескендір атымен әйгілі болуының себебі; я, сол Зұлқарнайынның бір аты Ескендір болса керек. Ұлы Ескендір және Ежелгі Ескендір осы. Немесе Құранда айтылған шағын оқиғалар жалпыға ортақ әрдайым қайталанатын оқиғалардың ұшы болатындықтан. Зұлқарнайын атанған Үлкен Ескендірдің пайғамбарлыққа ұқсайтын бастамасымен залым және зұлымдыққа душар қауымдардың ортасына тосқауыл болатын, жауыздыққа жол бермейтін, атақты Қытай қорғанындай қорғандар салынды. Сондайақ, Ескендір Руми тәрізді жиһангер патшалар дүнияуи тұрғыдан, ал адамзаттың рухани патшалары болған кейбір пайғамбарлар мен құтыптар да рухани тұрғыдан тәрбиелеуі, сол Үлкен Ескендірдің соңынан еріп, оны үлгі тұтып, зұлымдыққа ұшыраған халықтарды залымдардан құтқарудың шарасы ретінде таулардың арасын қорғандармен жалғаған. {(Сілтеме): Жер бетінде көне заманнан бері тұрған және тасқа айналып кеткен, біз білмейтін көптеген қорғандар бар.} Тау басына қамалдар тұрғызған. Өздерінің күш-қуатымен не болмаса ұйымдастырып үйрету арқылы бекіністер салған. Содан кейін қалалардың айналасын қамалмен қоршайтын болған. Зеңбіректер мен жүзетін қамалдар іспетті кемелер жасаған.
Тіпті, жер бетіндегі ең атақты қорған, Қытай қорғаны, Құран тілімен айтсақ Яжүж бен Мәжүжден, тарих тілімен айтсақ Мәнжур, Моңғол тайпаларының шабуылынан қорғану үшін салынған. Олар жер бетіндегі көптеген елдерге шабуыл жасаған жаугер тайпалар болғандықтан Гималайдың мұз басқан жоталарынан бастап, шығыс пен батысты түгел қамтып, қаптап келген кезде, үнді мен қытайдың тыныш жатқан елін олардан қорғау үшін Гималай жоталарына жақын
бір жердегі екі тау арасына ұзын қорған тұрғызылған. Сол биік қорған олардың ары өтуіне қалай бөгет болса, Кавказ жоталарының Дербент аңғарына тағы да сондай шабуылшы татар қауымдарынан қорғану үшін Зұлқарнайынның үлгісі бойынша бұрынғы Иран патшалары биік қорған салған. Мұндай қорған бөгеттердің саны көп. Құран Хаким бүкіл адамзатқа сөйлеп тұрғандықтан сырт көзге белгілі бір жеке оқиғаны айта отырып, сол оқиғаны бәріне үлгі етіп, жалпылай баяндайды. Сондықтан да Қорғандар мен Яжүж, Мәжүждерге қатысты риуаяттар мен тәпсірлер әртүрлі болып келеді.
Сондай-ақ Құран Хаким өзінің баяндау ерекшелігіне сай, бір оқиғадан басқа бір оқиғаға үнемі ауысып отырады. Ал, бұл ерекшелікті білмейтін адам, әлгі оқиғаларды бір уақытта болғандай етіп қабылдауы мүмкін.
Мысалы, Құран Хакимнің әлгі қорғандар құлағаннан кейін Қияметтің басталатынын хабарлауы уақыттарының жақындығы емес, мәселелердің бір-біріне жақындығынан, яғни бұл қорғандар қалай құласа, дүние де солай қирайды деген мағына айтылуда. Сонымен қатар, аса берік Иләһи қорғандар болып саналатын таулар дүниенің қирауымен бірге қалай күл-парша болса, бұл берік салынған қорғандар да сол кезде жермен жексен болады. Уақыт қанша мұқалтса да көпшілігі қирамай тұра береді дегенге де келеді. Зұлқарнайын қорғанының бір үлгісі болған Қытай қорғаны мыңдаған жылдан бері әлі тұр. Бұл да адамның қолымен заман атты параққа жазылған көнеден қалған тарих жәдігер, мағыналы бір сөйлем ретінде оқылып тұр.
ҮШІНШІ САУАЛ. Хазіреті Иса алейһиссаламның Дажжалды өлтіретіні жөніндегі мәселеге байланысты Бірінші Мектубта және Бесінші Мектубта өте тиянақты, қанағаттанарлық жауап бар.
Ғазиз, адал достарым, Хожа Сабри және Хафиз Али! "Муғаибат-ы Хамсе" (Бес ғайып) мәселесіне қатысты Лұқман сүресінің соңындағы аят жайлы маңызды сауалға тұщымды жауап беруімді сұрапсыздар.
Өкінішке орай, дәл қазір оған жауап бере қоярлық жағдайда емеспін. Тек қана, сауалдың маңызды тұсына ғана қорытынды ретінде бір ишара жасауды жөн көрдім. Бұл сауалыңызға қарағанда "Мүғаибат-ы хамсе" мәселесін сынайтын дінсіздер, оның ішінде жауынның жаууы мен құрсақтағы сәбидің жағдайы жайлы мәселеге қарсылық білдіргенге ұқсайды. Өйткені, олар былай жауынның қашан жауатынын метерология, ал құрсақтағы сәбидің ұл не қыз екенін рентген аппараты арқылы алдын ала білуге болатындықтан, бұл Мүғаибат-и хамсені ақылмен білуге болады дейтін көрінеді.
ЖАУАП. Жауынның жауатын уақыты қатаң бір заңдылыққа тәуелді емес, тікелей Иләһи қалауға байланысты және ол қазынасынан келеді. Оның солай болуының сыры мынау. Дүниедегі өте маңызды ақиқаттар мен аса қымбат нәрселер мыналар - нұр, болмыс тіршілік және мейірім. Осы төрт нәрсе тікелей, еш делдалсыз Аллаһтың құдіреті мен қалауына тәуелді. Басқа жаратылыстарда сыртқы себептер құдіреттің істеріне перде болады. Тұрақты заңдар мен қалыпты ережелер, Иләһи ираде-қалауға біршама перде болады. Бірақ нұр, болмыс, тіршілік және мейірімге ол перделер қойылмаған. Өйткені, перде қоюдың хикметі жоқ. Болмыстағы ең маңызды ақиқат мейірім пен тіршілік. Ал жаңбыр тіршілік көзі, өмірдің бұлағы мейірімінің негізі, тіпті рахымшылықтың нақ өзі. Олай болса себептердің перде болуының қажеті жоқ. Қалыпты ереже мен заңдылықтар Аллаһтың қалау еркін бүркемелеп, жасырмауы тиіс. Сонда, әркім қай кезде де шүкір етіп, құлшылық жасап, жалбарынып, дұға етіп отыруға мәжбүр болады. Егер бір ереже шартқа тәуелді болса, онда әлгі шартқа сеніп, шүкір мен сұраудың мәнісі болмай қалар еді. Күннің шығуында қаншалықты пайдалар бар екені белгілі. Бірақ тұрақты бір заңдылыққа тәуелді болғандықтан күннің шығуы үшін дұға тілек жасалмайды. Шыққаны үшін шүкір де етілмейді. Адамдар күннің тұрақты заң бойынша таңертең шығатынын білетіндіктен оны бір ғайып іс деп көрмейді. Ал, жаңбырдың жауатыны ешқандай шартқа, ережеге тәуелді болмағандықтан адамдар әруақытта жауынның жаууын Жаратушыдан сұрауға мәжбүр болады. Адамзат ғылыми түрде оның дәл қашан жауатынын біле алмайтындықтан жауған жаңбырды рахмет қазынасынан келген ерекше бір нығмет деп қарап, шынайы түрде шүкір етеді.
Сондықтан бұл аят жаңбырдың жаууын "бес ғайыпқа" енгізіп қойған. Ал, метерологиялық орындардың жаңбырдың жауатын уақытын мәлімдеуі тіпті де, ғайыпты білу емес. Мейірім қазынасынан шығып, жаууға бет алған жаңбырдың қайда, қай кезде жаууы мүмкін екенін алдыңғы бірнеше шартты белгілерін біліп, есептеп хабарлау ғана. Әзірге белгісіз, бірақ болып қойған немесе болуға жақын қалған оқиғаны алдын ала сезуге болады. Бұл ғайыпты білу емес. Бұл бар немесе болу мүмкіндігі жақын қалған нәрсені сезу. Тіпті, менің өзім денемдегі ағза сезімдер арқылы жиырма төрт сағаттан кейін жауатын жауынды сезіне бастаймын. Демек, жаңбырдың белгілері, бастамалары бар. Бұл жаңбырдың алғы шарттары ылғалдылық түрінде келіп, артынан жаңбыр келе жатқанын білдіреді. Бұл жағдай бір ереже секілді, ғайыптан шығып, нақты іске көшетін жағдайдың көрінісі. Ал, әлі нақтылы әлемге жетпеген, Иләһи мейірім қазынасынан әлі шықпаған жаңбырдың қашан жауатынын білу, Жаратушының шексіз іліміне ғана мәлім, ғайып жағдай.
Келесі мәселе. Рентген сәулесі арқылы құрсақтағы сәбидің жынысын анықтау وَ يَعْلَمُ مَا فِى الْاَرْحَامِ аятының ғайби мазмұнына қайшы келмейді. Өйткені, аятта ол сәбидің тек қана ұл не қыз екендігі ғана емес, ол сәбидің өзіне ғана тән ерекше қасиеттері, болашақтағы жағдайларының негізін қамтитын тағдырының түйіндері, тіпті бет әлпетінің қандай болатыны мақсат етілген. Ол - ғайыбты түгел білетін Жаратушының ғана ісі екені мәлім. Қаншама рентген аппараты жетілсе де, адамзаттың бүкіл ғалымдары бірлессе де сәбидің болашағы түгілі, бет жүзін де анықтай алмайды. Басында атап айттық қой, болмыс, өмір және мейірім бұл дүниедегі ең үлкен ақиқат әрі маңызды нәрсе деп. Сондықтан, осынау қымбат әрі күрделі тіршіліктің бүкіл болмысымен, мейірім қазынасынан шығуы жіті бақылауға алуының бір сыры мынау. Өмір - өзінің барлық болмысымен шүкір еттіруге, құлшылық жасаттыруға негізделгендіктен ираде-қалауға бүркеніш болатын ережелер секілді сыртқы себептерге тәуелді емес. Құрсақтағы сәбидің заттық және рухани болмысында Хақ Тағаланың екі нұр-сәулесі бар.
Біріншісі, өзінің Уахдетін, Әхадиетін және Самадиетін көрсетеді. Яғни, сәби дене мүшесі және басқа да жақтарымен өзге адамдарға ұқсас болып, Жаратушы - Жасағанның уахдетіне куәлік етеді. Ол
өзінің хал тілімен былай дейді: "Маған мұндай пішін мен дене мүшені берген кім болса, дене мүшелері маған ұқсаған барлық адамдарды да жаратқан Сол! Басқа да тіршілік иелерінің жаратаушысы Сол!" Анасының құрсағындағы сәбидің бұл айтқаны тіпті де ғайби емес, шартты белгілерге тәуелді болғаны үшін оны білуге әбден болады. Бұл жағдай ғайып әлемінен нақты әлемге әлдеқашан келіп қойған мезгіл болып саналады. Ол ғайыпты білу емес.
Екіншісі, құрсақтағы сәби өзіндік қабілет дарыны мен ешкімге ұқсамайтын жеке түр пішіні арқылы Жаратушысының ерекше қалау еркін барынша көрсетуде. Бірақ, бұл хабар ғайып әлемінен келуде. Әзели ілім Иесінен басқа ешкім мұны көре де, ести де алмайды. Ана құрсағында мұның мың да бірі де көрінбейді, анықталмайды да.
ҚОРЫТЫНДЫ. Құрсақтағы сәби өзіндік қабілет тілімен және өзіндік түр тұрпатымен Жаратушының Уахданиетіне дәлел болады. Мұнда Иләһи ираде яғни Аллаһтың қалау еркі өзінде екенінің дәлелі бар. Құдай қаласа әлі де талай дәлелдер жазылады. Әзірше осымен тоқтатуды жөн санадым.