Иман және күпірлік
— 176 —

(Тоғызыншы мектубтан)

Үшіншіден: Мына дүниені әскери қонақ үй деп түсініп, солай ойлап, соған қарай әрекет еткен жан - бұл дүниеде ең бақытты адам. Солай ойлаған адам ең жоғарғы мәртебеге яғни, Жаратушыны риза ету мәртебесіне оңай көтеріле алады. Тез сынып қалатын әйнекке алмастың құнын төлемейді. Тура жолда уайымсыз өмір сүреді. Иә, өткінші дүниеге қатысты істердін бәрі де тез сынатын әйнек секілді баянсыз. Ал, ақырет үшін жасалған қызметтер алмас секілді асыл, әрі баянды. Негізінде, адамның болмысындағы құмарлық, махаббат, қарымды қайрат, тегеурінді талап... басқа да көптеген ерекше сезімдер осы ақыреттік мақсатқа жету үшін берілген. Осындай ерекше сезімдерді тек өткінші өмір үшін сарп ету, әлгі асыл алмастарды құнсыз әйнек сынықтарына алмастырумен тең.

Осыған байланысты бір нәрсе есіме түскендіктен соны айта кетудің жөні келіп тұр: Ғашықтық сезім дегенің өзі ессіз махаббат болғандықтан өткінші нәрселерге арналса, иесін қайғы мен азапқа салады. Немесе, ондай тұрақсыз сүйіктілер әлгі жалынды махаббатқа сай келмегендіктен, басқа мәңгі сүйіктіні іздетеді. Сөйтіп, өткінші нәрселерге деген сүйіспеншілік, бақиға деген сүйіспеншілікке айналады.

Адам бойында осындай алуан түрлі сезімдер бар. Бәрінің де екі мәртебесі бар. Біреуі өткінші, екіншісі тұрақты. Мысалы, жұрттың бәрінде болашақты уайымдау бар. Алайда, сол болашақты қанша уайымдаса да, сол болашаққа жететіні жайлы қолында ешқандай кепілдік жоқ. Сондай-ақ, Рызықтандырылатынына кепілдік берілген жақын болашақ, ондай қатты уайымға салынуға тұрмайды. Сондықтан, мұндай алдамшы болашақтан бас тартып, қабірден кейінгі шынайы да ұзақ, адасқандардың ойынша болып-болмауы неғайбыл болашаққа бет бұрады. Және мал мен мансапқа да ашкөздікпен ұмтылады. Қараса... Бұның қарауына уақытша берілген әлгі мал мүлік пен алдамшы атақ дәрежелер рия мен қауіп-қатерге толы. Осы бір мансап, осыншама ашкөздене ұмтылуға тұрмайды. Содан кейін,

— 177 —

ең жоғарғы атақ болған рухани мәртебеге, тақуалыққа, құлшылыққа, нағыз байлық болған салих амалдарға көңіл бұратын болады. Сөйтіп, әлгі нашар мінез болған дүниеге деген тойымсыздық, тамаша қасиет болған мәңгі дүниеге деген шынайы қайратқа айналады.

Тағы бір мысал, қырсық мінезді адам әлгі ғажайып сезімдерін өтпелі, маңызсыз істерге босқа сарп етеді. Сөйтіп, бір сәт назар аударуға татымайтын нәрсеге бір жыл қырсығады. Әлгі зиянды әрі сананы улайтын нәрсеге бүкіл төзімін жұмсайды. Ақыры, осыншалық қуатты сезімдердің ондай нәрселерге арналмағанын байқайды. Соншалықты асыл сезімдердің ондай нәрсеге босқа жұмсаудың ақиқат пен хикметке қайшы екенін ұғады. Осындай асыл сезімдерін, нақты сенімдерін әлгі түкке тұрғысыз нәрселерге жұмсамай, баянды да бақи Иман ақиқаттарына Ислам негіздеріне, ақыреттік амалдарға арнайтын болады. Оның бірбеткей қырсықтығы әдемі де мәнді ақиқат жолындағы тұрақтылыққа, табандылыққа айналады.

Осы үш мысалдағыдай, егер адам өзіне берілген жойқын рухани қасиеттерді өз нәпсісінің қалауымен өткінші дүниенің қызығына арнап бұл өмірде мәңгі қалатындай, ойланбай жүре берсе, ұяттан жұрдай болып, күш қайратын бос нәрселерге жұмсайды. Егер, осы асыл қасиеттердің аз мөлшерін дүниеге, ал негізгі бөлігін ақыреттік және рухани міндеттерге арнайтын болса, көркем мінезге қол жеткізіп, даналық пен ақиқатқа сай түрде екі дүниенің бақытына бөленеді.

Осыған байланысты, мынандай бір ой келеді. Қазіргі заманның насихат айтушыларының сөзінің әсер етпеу себебі мынау болса керек: Мінезі нашар адамдарға: «Қызғаншақ болма, қырсықпа, ашкөз болма, қастық ойлама, дүниеге қызықпа», яғни болмысыңды өзгерт деп, олардың қолынан келмейтін нәрселерді айтады. Ал, "бұл сезімдерді жақсы нәрселерге қолданыңыз, олардың бағытын өзгертіңіз!" десе, айтқан сөздері әсерлі болып, тыңдаушыға да жеңіл болар еді.

Төртіншіден: Ислам ғалымдарының арасында «Ислам» мен «Иман» ұғымының айырмашылығы жайлы көп сөз болады. Бір тобы «екеуі бір нәрсе» десе, келесі топ, «екеуі екі нәрсе, алайда бір-бірінсіз бола алмайды» деп, әртүрлі пікір өрбітеді. Мен мынадай бір айырмашылықтың барын түсіндім.

— 178 —

Ислам - құптау, қалтқысыз берілу. Иман - мойындау, растау. Яғни, Ислам - ақиқатты жақтау, тәсілім, бойсұну. Иман - Хақты жүрекпен қабыл ету, көңілмен бекіту. Бұрындары, Құранның бұйрықтарына қызу қолдау көрсететін дінсіздерді кездестіретінмін. Демек, бір жағынан алғанда ол дінсіздер Аллаһтың қалауымен Исламияттың ішінде жүргендіктен оларға "дінсіз мұсылман" десек, Құранның бұйрықтарына еш қолдау көрсетпейтін, қажет санамайтын мүміндерді де көрдім. Олар "мұсылман емес мүмін" деген атқа лайық болар еді.

Япырау, сонда Исламиятсыз иман тозақтан құтқара ала ма?

Жауап: Имансыз Исламият тозақтан құтқара алмайды. Сондай-ақ, Исламсыз Иман да тозақтан құтқара алмайды. Иә, Аллаһқа шүкір Құран Кәрімнің тылсым мағыналарының бұлағынан нәр алған Рисалей-Нұр Ислам діні мен Құран ақиқаттарының жемістері мен нәтижилерін көрсетіп бергендігі сонша, егер түсіне алса, дінсіздердің өзі оған қолдау көрсетпеуі мүмкін емес. Сонымен қатар, Иман мен Исламның дәлелдері мен айғақтарын анық түрде көрсетіп бергендігі сонша, егер түсіне алса, мұсылман еместер де мұны мақұл көреді.

Ондайлар мұсылман болмаса да, иман етеді. Яғни, ақиқатты мойындайды. Сөздер жинағында жазылған ақиқаттар Жәннаттағы Туба ағашының жемістері секілді болған Иман мен Исламның жемістерін және екі дүниенің бақытын көрсетіп бергендігі сонша, бұған көз жеткізгендердің қолдау көрсету, қабыл алу, мойынсұну сезімдерін оятады. Жаратылыстардың өзара байланыстары секілді мықты және зәрре бөлшектердің санындай көп дәлелдермен Иман мен Исламның айғақтарын көрсетіп бергендігі сонша, қалтқысыз мойынсұндырып, күшті иман береді. Тіпті, кейде Нахшибенди тариқатында оқылуы әдетке айналған дұғалардың ішінен

عَلٰى ذٰلِكَ نَحْيٰى وَ عَلَيْهِ نَمُوتُ وَ عَلَيْهِ نُبْعَثُ غَدًا

дегенімде Иман ақиқаттарын жақтау сезімі артып кететін. Егер маған бүкіл дүниені берсе де, Иман ақиқаттарының біреуін де пида етпес едім. Бір ғана ақиқатты бір сәт жоққа шығару, мен үшін аса ауыр қасірет. Бүкіл дүние менікі болса да, оларды бір ғана Иман ақиқатының көрініс табуы жолында ойланбастан қиюға дайынмын.

— 179 —
وَ اٰمَنَّا بِمَا اَرْسَلْتَ مِنْ رَسُولٍ وَ اٰمَنَّا بِمَا اَنْزَلْتَ مِنْ كِتَابٍ وَ صَدَّقْنَا

деген кезімде, шексіз Иман күшін сеземін. Иман ақиқаттарының қай қайсысының да керісінше болуы ақылға сиымсыз. Адасып жүрген дінсіздерді есуас, ақымақтар деп білемін.

Бауырым, ата-анаңа көптен-көп құрмет пен сәлем жолдаймын. Ол кісілер де маған дұға жасасын. Сен менің бауырым болғандықтан, олар менің де ата-анам секілді. Ауылыңа да сәлем айт, әсіресе сенен Сөздерді тыңдап жүргендерге айрықша сәлем жолдаймын.

اَلْبَاقِى هُوَ الْبَاقِى
Саид Нұрси