Жиырма төртінші Лема
Жоғарыда аталған аят тәсәттүрді әмір етеді. Азғын мәдениет болса Қасиетті Құранның бұл үкіміне қарсы келіп тәсәттүрді жөн көрмей, оны әйел затын кемсіту, құқығын шектеу деп санайды.
{(Сілтеме): Соттың үкіміне қарсы, және олардың үнін өшірген ақталу сөздерінен бір үзінді. "Менің әділет басқармасына айтарым: Мың үш жүз жылдан бері және әр ғасырда үш жүз миллион адамның қоғамдық өміріне оң ықпал етіп, киелі де үлкен маңызға ие болып келген, қасиетті де нағыз ұстанатын өміршең ереже боп табылатын Иләһи заңды жан-жақты баяндаған әрі оны үш жүз елу мың тәпсір растап, бір ауыздан бекіткеніне сүйене отырып тәпсірлеген сондай-ақ мың үш жыл бойы бабаларымыз ұстанып келген діни нанымына сәйкес тәпсір жазған кісіні айыптайтын соттың бұрыс үкімін егер дүниеде әділдік қалған болса сөзсіз түрде сот шешімін жойып, үкімді бұздырады деп ойлаймын.}
Жауабы: Құран Хакимнің бұл үкімі әйел табиғатына сай, ал керағар пікірдің жаратылысқа қайшы екенін дәлелдейтін көптеген хикметтерінен тек төрт хикметі баяндалмақ.
БІРІНШІ ХИКМЕТ: Тәсәттүр әйелдерге фытри яғни табиғи әрі оны жаратылысы талап етеді. Өйткені, әйел заты әлсіз әрі нәзік. Сондықтан өзін және жанындай жақсы көретін балаларын қорғаштайтын ер кісінің жәрдеміне мұқтаж. Ол өзін оған сүйсіндіруге, жиіркендірмеуге, ыңғайсыз жағдайға қалмауға тырысады. Сонымен қатар, он әйелдің алтау-жетеуінің жасы ұлғайған, не көріксіз. Мұнысын, әрине әркімге көрсеткісі келмейді, не болмаса қызғаныш сезімімен өзінен асқан сұлудың қасында көріксіз боп қалмауы үшін, не болмаса намысын бөтен біреуге таптатпай сақтану үшін, немесе күйеуінің алдында қиянатшыл ретінде айыпталмауы үшін, оның табиғаты тәсеттүрді яғни жабылып жүруді қатаң талап етеді. Тіпті,
байқап қарасаң, жасы ұлғайған әйелдер өзін көбірек тұмшалап, орамал тартқыш келеді. Он әйелдің тек екі-үшеуі ғана әрі жас, әрі сұлу, әрі өзін көрсетуден тайсалмайды.
Адам өзі сүймейтін, жақтырмайтын кісінің алдында мазасызданып, қолайсыз күйге түсетіні мәлім. Әлбетте, ашық-шашық киінген көрікті әйел, өзіне көз тіккен бөтен он кісінің екі-үшеуіне оң қараса, қалған жеті-сегізінен ыңғайсызданады. Сондай-ақ, ар-намысты, салиқалы көрікті әйел, нәзік әрі сезімтал болғандықтан іс жүзінде, әрине бөтен көздерден қысылып қымтырылады.
Естуімше, әлем-жәлем киіну кең тараған Еуропа елдерінде көптеген әйелдер әлгіндей сұқтана қараудан ыңғайсызданып, "мына азғын немелер бізді көзбен атып, қайда барсақ та сығалап мазамызды алып болды" деп полиция қызметкерлеріне шағым айтады екен. Демек, мәдениеттің тәсәттүрге қарсы шығуы орынсыз әрі жаратылысқа керағар. Ал, Қасиетті Құранның тәсәттүрді әмір етуі өте орынды да жарасымды. Мейірімділіктің қайнар көзі әрі өмірлік серік болатын қадірменді әйел затын тәсеттүр арқылы азғындаудан, намысының тапталуынан, рухани қаналудан сақтайды. Әйелдің бойында бөтен ер кісілерден қорқу, үрей сезімі бар. Қорқу табиғи түрде тәсеттүрді қажет етеді. Өйткені, сегіз-он минуттык зауықты, ауыр азапқа айналдыратын, сегіз-тоғыз ай жүк көтеру, әкесіз бала туып, оның тәрбиесімен сегіз-тоғыз жыл бойы айналысу әлгі сегіз-тоғыз минуттық заңсыз зауықтың жазасын тарту қаупі бар. Бұндай келеңсіз көріністер көп кездесетіндіктен әйелдің нәзік жаратылысы бөтен еркектерден зәресі қалмай қорқады. Табиғаты сақтануды бұйырады. Нәзік жаратылыстары оларға тәсеттүр пайдалануын, басқаларға бөтен ой туғызбауын, жауыздықтарына жол бермеуін қатаң түрде ескертіп отырады. Сақтану жолдарының бірі, бекініс қамалы тәсеттүр екенін көрсетеді.
Естуімше, астанада, жаңа өкімет орталығында, базардың ішінде, тапа-тал түсте, жұрттың көзінше өте міскін бір аяқ киім тазалаушысы дүниеге танымал, жоғары мәртебелі бір адамның балтыры ашық жұбайына асылып "шапқыншылық" жасапты. Міне, бұл тәсеттүрге қарсы кісілердің қалың беттеріне бір шапалақ болса керек.
ЕКІНШІ ХИКМЕТ: Әйел мен еркек арасындағы сүйіспеншілік, махаббат, терең әрі тығыз байланыс тек бұл дүниелік өмірдің қажеттілігінен туындамайды. Иә, әйелі күйеуіне тек дүниелік өмірде
ғана серік емес. Ол оның о дүниедегі мәңгі өмірде де серігі болмақ. Олай болса әйел, мәңгілік серігі болатын күйеуінен тыс, басқаның назарын өзіне аудартпауға міндетті. Оны ренжітпеуі, қызғандырмауы тиіс.
Демек, иман саясында мүминдердің отбасылық жұптасуы, тек дүниелік өмірмен шектелмейді. Жануарға тән немесе сұлулығына шақталған өткінші махаббатқа негізделмейді, мәңгі әлемде де жалғасын тауып, арта түсетін берік те шынайы махаббатқа, адалдық пен сыйластыққа негізделеді. Сондай-ақ, тек жас кезінде, көрікті шағында ғана емес қартайып, өңі тая бастаған кезде де сол шынайы махаббат пен құрмет жалғаса бермек. Олай болса, оған жауап ретінде ол да өзінің көркін, махаббатын күйеуіне арнауы керек. Адамгершілік қасиет осыны талап етеді. Әйтпесе, ұтары аз, жоғалтары көп болады.
Шариғат бойынша, ерлі-зайыптылар куфув, яғни бір-біріне сай болуы тиіс. Куфувта ең бастысы - діни тұрғыдағы теңдік.
Бақытты еркек деп әйелінің діндарлығына қарап, ұқсап бағатын және мәңгі өмірде жұбайынан айырылып қалмау үшін өзі де діндар болған кісіні айтады.
Бақытты әйел деп отағасының діндарлығына қарап, мәңгілік жұбайымнан айырылып қалмайын деп өзі де тақуа болған әйелді айтады.
Сорлы, бейшара еркек деп салиқалы әйелінен мәңгілікке көз жазып қалуға себеп болатын азғындыққа салынған адамды айтады.
Сорлы әйел деп тақуа күйеуіне ұқсауға тырыспай, ақырында сол мүбарак, кішіпейіл, мәңгілік досынан айырылатын әйелді айтады.
Бір-бірінің пасық әрі азғын іс-әрекеттерін өнеге тұтқан екі сорлы ерлі-зайыптылардың өмірі өкінішті әрі аянышты. Олар бір-бірінің лаулаған отқа түсуіне жәрдем етеді.
ҮШІНШІ ХИКМЕТ: Отбасының бақытты өмір сүруі үшін әйел мен еркек арасында шынайы сүйіспеншілік, адалдық, сенім мен құрмет болуы тиіс. Тәсәттүр пайдаланбау, ашық-шашық киіну сенімсіздік туғызады. Екі жақтың шынайы құрмет пен махаббатын кемітеді. Өйткені, ашық-шашық киінген он әйелдің тек біреуі ғана күйеуінен әлдеқайда сымбатты біреуді көрмегендіктен басқаға жақсы көрінуге тырыспайды. Ал, тоғызы күйеуінен әлдеқайда жақсысын көреді. Жиырма еркектің тек біреуі ғана әйелінен артық сұлу көрмейді.
Мұндайда адал махаббат, екі жақты сыйластық жойылады. Мұнымен тынбай өте жағымсыз да жиіркенішті сезімнің оянуына себеп болуы мүмкін. Яғни адамда өзінің апасына, қарындасына, туысқан әйел затына яғни, махрем (үйленуге болмайтын) кісілерге табиғатында шәһуаттық сезім болмайды. Өйткені, махрем кісілердің бет-әлпеті туысқан екенін білдіріп оған мейірімділікті, сүйіспеншілікті, жанашырлықты сездіретіндіктен нәпсіге тән, шәһауани құмарлықты жойып жібереді.
Алайда, шариғат бойынша туысқандарға да көрсетуге болмайтын балтыр секілді мүшелерін ашу, азғын нәпсінің құмарын, тым ұсқынсыз, жиіркенішті сезімін оятуы мүмкін. Махремнің жүзі туысқан екенін білдіреді, басқаға ұқсамайды. Бірақ ашық балтыр махремдікі ме, басқанікі ме белгісіз. Туысқандықты (махремділікті) білдіретін өзгешелік белгісі болмағандықтан кейбір азғын бірақ өзара махрем жандардың бір-біріне жануарға тән әуестігін оятуы мүмкін. Ал, мұндай іс төбе шашты тік тұрғызатын сұмдықтың нақ өзі.
ТӨРТІНШІ ХИКМЕТ: Ұрпақ жаю әркімнің қалауы. Ұрпақ санын көбейтуге қарсы ешбір ұлт, ешқандай да ел жоқ. Бұл тұрғыда Ардақты Пайғамбарымыз Саллаллаһу Ғалейһи Уәссәламнің өзі
яғни "Үйленіңдер, көбейіңдер! Қиямет күні мен сендердің көп болғандарыңды мақтан тұтамын" - деген. Алайда, тәсәттүрді тастау яғни ашық-шашық киіну үйленуді көбейітпейді, керісінше мүлдем азайтып жібереді. Өйткені қазіргі жастардың ең бұзығы да үйленетін қызының ар-намысты, таза болғанын қалайды. Өзі сияқты модашыл, ашық-шашық болуын қаламайды. Сөйтіп бойдақ болып өтеді немесе жеңіл жүріске түсуі мүмкін. Ал, әйел заты олай емес. Өйтіп, күйеуіне талап, шарт қоя алмайды. Өйткені әйел заты үйдің ішкі істеріне қарайтын болғандықтан күйеуінің тапқан табысына, балаларына, мал-мүлкіне иелік ету, сақтау қызметін атқарады. Сондықтан оның басты міндеті, қасиеті, адалдық пен сенімділік. Ал, ашық-шашық киіну, адалдық пен сенімділікке шәк келтіреді. Ондай әйел, күйеуінің алдында сенімді жоғалтып, оның ар-ожданын азапқа салады. Тіпті, ер адамда жақсы қасиет болып саналатын батырлық пен жомарттық, әйел затында сенімділік пен адалдыққа зияны тиетіндіктен жаман мінез, жағымсыз қылық боп саналады. Бірақ, еркектің басты міндеті
мал-мүлкін күзету, адал болу емес. Оның міндеті әйелін қорғау, жанашырлық ету, құрметтеу. Сондықтан ер адам шектеуге келмейді. Демек басқа әйелді де некелей алады.
Біздің халықты Еуропалықтармен салыстыруға болмайды. Өйткені, ол жерде дуэль секілді қатаң жолмен ашық-шашық әйелдерін жезөкшеліктен тиып, аз да болса, намысты қолдан жібермеуге тырысады. Ар-намысты кісінің әйеліне жаман оймен сұқтана қараған адам өлімге бас тігіп, сосын барып қарайды. Оның үстіне ол жердің ауа-райы салқын. Сондықтан, Еуропа халқының табиғаты да ауа-райы сияқты салқын. Ал, Азия яғни мұсылман елдері оған қарағанда ыстық. Географиялық аймақ адам мінезіне әсері ететіні белгілі. Әлгі суық жердегі, суық қанды адамдарда хайуани әуестікті, нәпсіні қоздыратын әлгіндей ашық-шашықтық, әлем-жәлем киіну бәлкім қисық жолға түсіп, ысырап қылуына айтарлықтай әсер ете қоймас. Алайда қашанда нәпсіні қоздыратын ашық-шашықтық, сезімі ояу, тез әсер алғыш, ауа-райы ыстық елдің адамдарын, қисық жолға түсуге, ысырапшылдыққа, ұрпақтың әлсіреуіне, сондай-ақ, қуаттың кемуіне бірден-бір себеп болады. Бір айда немесе жиырма күнде бір рет фытри (табиғи) қажеттілік болатын болса, енді бірнеше күн өтпей-ақ ысырапқа мәжбүрмін деп ойлайды. Мұндайда айына он бес күн бойы хайыз сияқты кедергілердің салдарынан әйелінен аластауға мәжбүр болған ер кісі, егер нәпсісін жеңе алмаса, теріс жолға түсуі әбден мүмкін.
Қалалық әйелдер, ауылдық жердегі шаруа әйелдерге қарап, тәсеттүрді тастауына болмайды. Өйткені, ауылдық жерде күн көріс, шаруашылық жұмыстары сияқты денемен атқарылатын істер адамды шаршатады, сонымен қатар қалалық әйелдерге қарағанда өзіне көп назар аударта бермейтін біршама тұрпайылау бейкүнә шаруа әйелдердің ептеп ашық болуы нәпсінің әуестігін айтарлықтай қоздырмауы мүмкін. Ауылдық жерде сандалып бос жүретін, азғындар аз болатындықтан қаладағы келеңсіз жайттар ауылдық жерде сирек кездеседі. Олай болса, олармен салыстыруға келмейді.