СЕГІЗІНШІ МЕКТУБ
Аллаһтың الرَّحْمٰنِ الرَّح۪يمِ есімдерінің بِسْمِ اللّٰهِ الرَّحْمٰنِ الرَّح۪يمِ нан орын алулары және барлық берекелі нәрселердің басында айтылуларының көптеген хикметтері бар.
Бұл әңгімені басқа кезге қалдыра тұрып, әзірге өз сезімдерімді жеткіземін.
Бауырым الرَّحْمٰنِ الرَّح۪يمِ есімдері маған бүкіл ғаламды қамтитын, әрбір рухтың мәңгілік қажеттіліктерін қанағаттандыратын, сансыз дұшпандарынан сақтайтын Ұлы да қуатты нұр боп көрінеді. Осынау, екі Ұлы нұр болған есімдерге бөленіп, қол жеткізудің ең маңызды, ең қысқа жолы пақырлық пен шүкіршілік, әлсіздік пен мейірім. Яғни өзінің құл екенін сезіну мен мұқтаждық.
Осы мәселеге байланысты ойға келген бір түйінді Ислам ғалымдарымен, тіпті ұстаздарымның бірі болған Имам Раббанимен келіспеген күйі былай деймін:
Хазіреті Якуб Алейһиссәламның баласы Юсуф Алейһиссәламға деген өте күшті, жалынды сезімі махаббат немесе қатты жақсы көру емес. Расында ол мейірім еді. Өйткені мейірім, махаббат пен ғашықтықтан әлдеқайда өткір, жарқын да жоғары, кіршіксіз және Пайғамбарлыққа лайық сезім. Алайда, махаббат пен ғашықтықтың жоғары дәрежесі Аллаһтан басқа жаратылысқа арналатын болса, Пайғамбарлықтың асқақ мәртебесіне лайық келмейді.
Демек, Құран Хаким жарқын да мұғжизалы түрде көрсетіп берген және Якуб Алейһиссәламның Аллаһтың Рахим есіміне бөленуіне себепкер болған сезімі - мейірімнің жоғары дәрежесі еді.
Ал, Уәдуд есіміне бөленуге дәнекер болатын ғашықтық Зылиханың Юсуф Алейһиссәламға деген махаббат мәселесі. Демек, баяндауы мұғжиза болған Құран Хаким, Якуб Алейһисәламның сезімін, Зылиханың сезімінен қаншалықты жоғары етіп көрсеткен болса, мейірім де ғашықтықтан соншалықты жоғары болғаны. Ұстазым
Имам Раббани Аллаһтан басқаға ғашық болу пайғамбарлық дәрежеге жараспайтындығын біліп, Юсуф (а.с.)-ның керемет әдемілігі бұ дүниелік емес, о дүниеге қатысты болғандықтан оған деген махаббат кемшілік болып есептелмейді деген. Мен де былай деймін:
Уа, Ұстаз, мұныңыз мәселені қиындатып жіберетін жору. Ақиқат былай болса керек, ол махаббат емес, анығында ол, махаббаттан жүз есе жоғары, ауқымды да жарқын мейірім сезімінің асқақ мәртебесі. Мейірімнің барлық түрі де нәзік әрі саф. Ал, ғашықтық пен махаббаттың көптеген түрлеріне шынайы көңілмен берілуге де болмайды.
Әрі мейірімнің ауқымы өте кең. Адам өз баласына мейірімі оянған кезде, бүкіл сәбилерге, тіпті бүкіл тіршілік иелеріне мейірімін төгіп, сол әрекетімен Рахим есімінің ауқымдылығына өзіндік айна болады. Ал ғашықтық болса, өз сүйіктісіне ғана назар салып, соның жолында барлық нәрсені пида қылады. Немесе сүйіктісін асқақтатып мақтау үшін өзгелерді төменсітіп, астарлы түрде айыптайды, қадірін түсіреді. Сондай бір ғашық: «Күннің өзі менің сүйіктімнің сұлулығын көріп ұялады. Оның сұлулығын көрмеу үшін бұлттың артына жасырынуда» - деген екен.
Ей, ғашық жан! Аллаһтың сегіз Ағзам есімін шағылыстырып тұрған нұрлы парақтың беті болған Күнді бұлай ұялтуға қандай хақың бар.
Мейірім сезімі шынайы, таза, әрі кіршіксіз болады, жауап талап етпейді, ақы сұрамайды. Тіпті, қарапайым хайуандардың төлдерінен ақы талап етпейтін жанқиярлық мейірімдері бұған дәлел. Ал, ғашықтық қайтарым, ақы сұрайды. Ғашықтардың зары, ол - бір нәрсе талап етудің, ақы сұраудың белгісі. Демек, Құран сүрелерінің ең жарқыны Юсуф сүресінің де ең жарқын нұры Хазіреті Якубтың (а.с.) мейірімі, Рахман және Рахим есімдерін көрсетеді. Мейірім жолы рақым жолы екенін білдіреді.
Сондай-ақ, мейірімнен туындайтын қайғы-мұңға қарсы дауа ретінде فَاللّٰهُ خَيْرٌ حَافِظًا وَهُوَ اَرْحَمُ الرَّاحِم۪ينَ дегізеді.