Жиырма сегізінші Лема
(Бұл Леманың кейбір тақырыптары ескі әріптермен жазылған Лемалар жинағына енгендіктен мұнда жазылмады)
Осы қасиетті Аяттың сыртқы мағынасы көптеген тәпсіршілердің түсініктері бойынша Құранның ғажайып иғжазын, әсем шешендігін көрсете алмайды. Бұл жағдай мені көптен бері толғандыратын еді. Құранның фейз-нұрымен келген терең де тамаша мағыналарды "Үш қырынан" тәпсірлеп, қысқаша баяндап беруді жөн көрдім.
БІРІНШІСІ. Хақ Тағала Ардақты Пайғамбарға тиесілі кейбір жағдайларды Сүйіктісінің мәртебесін көтеріп, абыройын арттыру мақсатында кейде өзіне телиді. Міне, мұнда да: "Пайғамбарым өзінің пайғамбарлық міндеті мен халықты құлшылыққа шақырған қызметі үшін сендерден ақы сұрап, өзін азықтандыруды қаламайды" мағынасында. "Мен сендерді құлшылық үшін жаратқанмын, әйтпесе сендер маған ризық беріп, мені асырау үшін емес" деген мағынадағы аят Пайғамбарға қатысты ризықты айтып отыр. Әйтпесе белгілі нәрсені түсіндіру Құранның иғжазына, оның шешендігіне жараспайды.
ЕКІНШІСІ. Адам ризыққа қашан да мұқтаж. Сондықтан, ризық табу үшін еңбек етуді құлшылыққа кедергі деп ойлайды. Осылай ойлап сылтау айтпау үшін, Аятта былай дейді: "Сендер құлшылық үшін жаралғансыңдар! Өйткені жаратылу мақсатыңыздың өзі құлшылық жасауға негізделген. Ризық табу үшін еңбек ету де Аллаһ Тағаланың әмірі бойынша құлшылық түріне жатады. Мен жаратып, ризықтандырып отырған өзіңнің, отбасыңның, хайуандарыңның ризықтарын тауып беру үшін жаратылған жоқсыңдар. Өйткені, ризық беруші менмін. Мен Рәззақпын яғни, сендердің жақын-жуықтарыңның
бәрінің ризығын Мен беріп отырмын. Сендер осыны сылтауратып, құлшылықтарыңды тәрк етпеңдер" дейді. Егер аятта бұл мағына болмаса Хақ Тағалаға ризық беру, Оны асырау мүмкін емес екендігі ап-анық, мәлім нәрсе болғандықтан, анық нәрсені тағы да анықтау әрине артық болады. Сөйлеу және тіл өнеріндегі шешендіктің мынадай бір нақты қағидасы бар. Егер сөздің мағынасы мәлім, ап-анық болса оның астарлы бір мағынасы болғаны. Мысалға, сен біреуге: «Сен, Құранды жаттаған адамсың, қарисың!» десең, ондағы сөздің төркіні, мақсат-мұраты: "мен сенің қари екеніңді біліп отырмын, білмейтіндерге соны білдіріп отырмын" деген сөз. Міне, осы қағида бойынша Аллаһқа ризық беріп, асыраудың керегі жоқ деген кезде мәнмағынасы былай: Аллаһтың өзі ризық беріп, кепіл болған пенделеріне сендер ризық беремін, мен асыраймын деп ойламаңдар! Сендер ол үшін жаралған жоқсыңдар, сендер құлшылық үшін жаралғансыңдар. Әмірімді орындап ризық табу үшін еңбек ету, ол да құлшылықтың бір түрі болып саналады.
ҮШІНШІСІ. Ықылас сүресінде: لَمْ يَلِدْ وَ لَمْ يُولَدْ аятының ашық мағынасы мәлім әрі ап-анық болғандықтан әлбетте оның астарлы мағынасы бар. Яғни: "Анасы және баласы барлар Құдай болуы мүмкін емес. Осылайша аят Иса алейһиссаламның, Узейр Пайғамбардың және періштелер мен жұлдыздардың және пұттардың Құдай екендігін жоққа шығару мақсатымен, Аллаһ туралы لَمْ يَلِدْ وَ لَمْ يُولَدْ дейді, яғни "Ол, тумаған, туылмаған!" деу арқылы анық әрі мәлім нәрсе туралы үкім береді. Дәл сол сияқты, бұл мысалымызда да азықтануға, тамақтануға мұқтаж нәрселердің барлығы Құдай, Табындырушы бола алмайды дейді. Аяттың "Рәззақ-ы Зүлжалал сендерден ризық сұрамайды, Оны асырау үшін жаратылған жоқсыңдар" дегені, ризыққа мұқтаж, тамақ ішетін болмыстар табынуға, құлшылық етуге лайық емес, дегенді білдіреді.
Рефеттің اَوْ هُمْ قَٓائِلُونَ аятындағы قَٓائِلُونَ сөзінің мағынасын білгісі келетіндігіне байланысты және абақтыда отырған басқалар секілді ол да таң намазынан кейін дереу жатып, ұйқыға бас қойса, бір ауырлық басып, ынтасы жоғалатындықтан оның алмастай қымбат қаламы жалқаулыққа салынбауы үшін жазылған мәселе еді. Сонымен күндізгі ұйқы үш түрлі болады.
Біріншісі. "Ғайлуле" деп аталады. Ол, таң атып күн шыққаннан кейінгі намаз оқуға болмайтын, мәкрух уақыт аяқталғанға дейінгі аралық. Бұл арада ұйықтау ризық-несібенің азаюына, берекесіздікке себеп болатындықтан, сүннетке қайшы әрекет. Себебі, ризық табудың алғы-шарттарын орындаудың ең оңтайлы сәті күн салқын мезгіл ғой. Ол уақыт өткен соң бір салғырттық басады. Сол күнгі еңбекке деген ынтаның төмендеуіне, ризықтың азаюына әкеп соқтыратындықтан берекесіздікке себеп болатыны әбден тәжірибеден өткен жағдай.
Екіншісі. "Фәйлулә" деп аталады. Екінтіден бастап ақшамға дейінгі уақыт. Бұл кезде ұйықтау да өмірдің қысқаруына яғни сол күнгі өмірі ұйқылы-ояу өтетіндіктен берекетсізденіп, рухани тұрғыдан да кеміп кетеді. Сол күнгі өмірдің материалдық-рухани нәтижесі намаздігерден кейін анықталатындықтан, нақ сол кезде ұйықтау, нәтижені көрмеу болып саналатындықтан бейне бір, сол күні өмір сүрмеген секілді болады.
Үшіншісі. "Қайлулә" деп аталады. Бұл ұйқы Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) көркем сүннеті. Сәске мен түс ауған аралықтағы уақыт. Бұл ұйқы түнді ояу өткізуге себеп болғандықтан, сүннет болуымен қатар арабия түбегінде «уақт-ыз зухур» дейтін күннің қайнаған ыстық, тал түс кезінде тынығу жергілікті қауымның әдеті болғандықтан әлгі сүннет амалды одан әрі нақтылай түседі.
Бұндай ұйқы өмірдің ұзаруына және ризықтың молаюына ұйытқы болады. Себебі, жарты сағаттық "қайлулә" ұйқы, екі сағат түнгі ұйқымен пара-пар екен. Демек, күн сайын өміріне бір жарым сағат қосылып отырады. Ризық табуға, еңбек етуге қосымша бір жарым сағат уақытты өлімнің бір туысы болған ұйқыдан құтқарып, жұмыс уақытына қосады.
Намаздың соңындағы тәсбихатта, осы сөз оқылып жатқан кезде оның бір нәзік мағынасы ашылған-ды. Бәрін есіме сақтай алмасам да бір-екі мағынасын ишара түрінде айтайын. Түнгі әлем сол мезетте маған бейне бір үй сияқты көрінді. Құптан намазында әлгі үйге яғни әлемге кірдім. Адамның қиял-ойы жүйрік, ауқымы кең болғандықтан, дәл сол кезде алып әлем маған кішкене үй секілді болып көрінді. Тірі жан біткен кішірейгені сондай көрінбейтін дәрежеге жетті. Сол үйдің сәні, оны құлпыртып, безендіріп, шуағымен нұрландырып тұрған бір Кісінің рухани тұлғасы бар еді, ол да Мұхаммедтің (с.а.у.) дара тұлғасы. Адам, бір үйге кірген кезде сәлем беретіні секілді, менің де ішімде: «Уа, Аллаһтың елшісі! Саған Аллаһтың нұры жаусын және сансыз сәлемі болсын!» деген сезімдер буырқанып жатты.
{(Сілтеме): Пайғамбарымызға түскен рақым, оның барлық замандағы үмметін толық қамтиды. Сондықтан шексіз салауат айту өте орынды. Апырым-ай, дүниедей кең және бейқамдық назарда үрейлі, бос, қаңырап тұрған бір үйге кіргенде адам қаншалықты қорқатыны белгілі. Сол кезде кенет үйді нұрландыратын сүйкімді, жағымды, дос Елші келіп, бұл үйдің өте жомарт қожайынын әлгі үйдің бүкіл бұйымдарымен бірге таныстырып, түсіндірсе, қонаққа қаншалықты шаттық сыйлайды, десеңші! Онда салауаттың да соншалықты маңызды екенін ойлаңыз.}
Бүкіл адамдар мен жындардың санындай саған сәлем болсын, деген кезде саған қол беріп, адал қызметші екенімізді растап, әкелген әмірлеріңе мойынұсынып, тәсілім болғандығымызды сәлем арқылы білдіріп, саналы мақұлықтар болған адамдар мен жындарды сөйлетіп, әрқайсысының атынан жоғарыдағы мәнді мағыналармен қатар ұсынып отырмын.
Ол өзі әкелген нұр-кәдесімен менің мына дүниемді нұрландырғаны секілді әркімнің ішкі дүниесін нұрландырып, нығметке толтырып жатыр ғой деп, әлгі әкелген кәдесіне шүкір етіп, жауап ретінде "мыңдаған салауат болсын саған!" дедім. Яғни, сенің бұл жақсылығыңның ақысын біз өтей алмаймыз. Оны, тек, Жаратушымыздың рақым қазынасынан берілуін тілеп, аспан тұрғындарының санындай рахым жаусын деген мағынада шексіз алғысымызды білдіреміз. Осындай әдемі мағынаны
сезіндім. Ол кісі (с.а.у.) құлшылығы жағымен, халықтан Хаққа, жаратылыстан Жаратқанға жақындау жағымен Рахым мағынасын білдіретін салауат сұрайды. Ал, рисалеті яғни, Елшілігі жағымен бізден сәлем сұрайды.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) адамдар мен жындардың санындай сәлемге лайық және әрқашан онымен бірге екенімізді әрдайым жаңғыртып, қуаттап отырамыз. Сондай-ақ, аспан тұрғындары қанша болса, сонша салауатқа лайық. Өйткені, Сол кісі әкелген нұр арқылы әрбір нәрсенің кемелдігі көрінді, әрбір нәрсенің қадір-қасиеті, әрбір мақұлықтың Раббани міндеті анықталды. Сондықтан, әрбір нәрсе хал тілімен айтып жатқаны секілді, егер сөйлей алатын болса,
деп айтар еді. Бұл анық. Сондықтан біз барлығының атынан
дейміз.
Әзиз бауырым!
Уахдет-үл Ужуд мәселесіне қатысты біршама түсініктеме беруімді өтініпсің. Ол жайлы отыз бірінші Мектубтың бір Лемасында Хазіреті Мухиддиннің осы мәселе жайлы пікіріне жауап ретінде өте терең әрі жан-жақты түсініктеме берілген болатын. Қазір ол туралы қысқаша былай деймін.
Осы Уахдет-үл Ужуд мәселесін қазіргі заманның адамдарына айту өте зиянды. Мәселен тәшбихтер мен тәмсілдер яғни теңеулер мен мысалдамалар оқымысты жандардың арасында түсінікті де болымды, ал қарапайым халыққа келгенде бұрыс түсініп, болымсыз әсер қалдырады. Сондай-ақ, ғалымнан наданға жеткенде, қалай айтылса, солай қабылданады.
{(Түсіндірме): Мәселен теңеу ретінде "сәуір" және "худ" деп аталатын екі періштені, қарапайым халық кәдімгі өгіз бен балық деп түсінген.}
Сол секілді, Уахдет-үл Ужуд мәселесі мәнісі зор, терең ақиқат. Ол мәселе бейқам жандар мен себептерге көп мән беретін кісілердің арасында талқыланса, "табиғат" деп түсінеді. Үш үлкен зиян келтіреді.
БІРІНШІДЕН. Уахдет-үл Ужуд ұғымын ұстанатындар Хақ Тағала атынан, Құдай үшін, мына әлемді бейне бір жоққа шығаруға дейін барса, ал бұл ұғымды қарапайым халық, бейқам жандар естісе, әсіресе ойы материализммен уланған кісі болса, оған кері әсер етіп, мына әлем мен материя атынан Улухиетті яғни Аллаһты жоққа шығарады.
ЕКІНШІДЕН. Уахдет-үл Ужуд ұғымы Аллаһтан өзгенің Рубубиетін, билігін үзілді-кесілді жоққа шығаратыны сондай, Аллаһтан басқаның бәрін жаппай жоққа шығарады. Яғни, жүгенсіз нәпсінің ғана емес, барлық нәрсенің жеке болмысын көрмеу. Мына заманда адамдардың ойсанасын табиғатшылдық ұғымы жаулап алғандықтан және менмендік, тәкаппарлық сезімі жүгенсіз нәпсіні әбден қоздырып жіберудің кесірінен және Жаратқанды, Ақыретті біршама ұмытқандықтан кейбір адамдардың әммара нәпсілері кішкене перғауынға айналған, өздерін Мағбуд (Құдай) деп қабылдайтын адамдарға Уахдет-ул Ужуд ұғымын үйрету әммарә нәпсіні (Құдай сақтасын!) құтыртып жіберетіні сондай, жер көкке сыймай кетеді.
ҮШІНШІДЕН. Өзгермейтін, құбылмайтын, бөлінбейтін, көлемі мен мекені жоқ, жаратылыстан жоғары, сана мен ұғымның сыртындағы Зат-ы Зүлжәлалдың болмысына, оның киелі де пәк сипаттарына үйлеспейтін суреттемелерге себеп болады және бұрыс ойлауға апарады. Иә, Уахдет-үл Ужуд ұғымы туралы айтатын адам ой-пікірімен жерден үркер жұлдызына самғап, жаратылысты ту сыртына тастап, назарын ұлы ғарышқа аударып, өзі Иләһи ғашықтыққа беріліп, ғаламды мадум, яғни жоқ санап, иманның жойқын қуатымен барлық нәрсені тікелей Уахид-ы Әхадтан деп біледі. Ал, жаратылыстан аса алмай, себептерден шыға алмай өзі жерде тұрып қараған адам сөзсіз себептерге шырмалып, табиғат батпағына батуы әбден мүмкін. Жәлаладдин Руми секілді жерден ғарышқа көтерілген тұлғалар: «Құлағыңды аш! Кімнен не естісең де, соның бәрі фонографтар секілді, Аллаһтан деп біл!» десе жарасар еді. Ал, Жәлаладдиндей биік мәртебеге көтеріле алмағандар және жерден ғарышқа дейінгі аралықтағы болмысты айна тәрізді көре алмаған жандарға: "Құлағыңды түр! Барлық нәрседен Кәламуллаһты
естіп тұрсың яғни Аллаһтың сөзі естіледі!" десек, ол кісі рухани тұрғыда ғарыштан жерге құлап түскендей құлдырап, ойын ақиқатқа мүлдем керағар пікірлер құрсаулап алары сөзсіз.
Бір сауалдың жауабы.
Мұстафа Сабри мен Мұса Бекуфтың пікірлерін таразылап отыруға уақытым болмай тұр. Менің айтарым. Біреуі асыра сілтеп жіберген, біреуі керісінше. Расында Мұстафа Сабридің ақталып айтқан сөздері Мұса Бекуфке қарағанда дұрысырақ. Алайда, Мұхиддин сынды Ислам ілімінің бетке ұстар мақтанышы, ірі тұлғаны төмендетуі дұрыс емес. Иә, Мухиддиннің өзі Һәди (тура жолды тапқан), бірақ әрбір кітабында мүһди (тура жолға түсіруші) бола алмаған. Ақиқат жолында біразға дейін бір-қалыпқа түсе алмай, өлшемдерді шатастырып алғандықтан әһл-і сүннеттің ереже-заңдарына қарама-қайшы тұстары жоқ емес. Кейбір сөздері сырт қарағанда адасушылық көрінгенімен, өзі адасқандардан емес. Кейде ондай да болады, біреудің айтқан сөзі күпірлік болып көрінеді, бірақ өзі кәпір емес. Мұстафа Сабри осы жақтарын ескермеген. Ол әһл-і сүнниттің ережелерін қатаң ұстанамын деп, кейбір тұста қателесіп отыр. Ал, Мұса Бекуф болса, жаңаша ойлауға құмар және заманауи көзқарасты қатты жақтайтындықтан ол да көп қателік жіберген. Исламның кейбір ақиқаттарын қате жорып, бұрмалап отыр. Әбу-әл Мағари сықылды үммет қабылдамаған кісіні, мухаққиқиннен яғни ілімі терең теңіздей ғалымдардан жоғары қойғандықтан және өз ойына сәйкес болғандықтан, Мұхиддиннің сүнниттердің пікіріне керағар мәселелерін қызу қолдап, асыра сілтеп жіберген.
Яғни, Мухиддин былай деген: "Бізден емес кісілер және біздің мәртебемізге жетпегендер кітаптарымызды оқымасын, зияны тиюі мүмкін". Иә, мына заманда Мухиддиннің кітаптарын, оның ішінде Уахдет-үл Ужуд туралы мәселелерді оқу қауіпті, оқырманға зиянын тигізеді.
Адамдардың мәз-мейрам болып, ойын-күлкілерін көріп отырып, болашақты ойлау, істің ақырын болжау деген дүрбімен назар салып қарағанымда аянышты жағдайға куә болдым. Бұрынғы заманның адамдары дәл осы кезде қабірде жатса да, қазір синемада тірі бейнелері көрінетіні секілді, дәл сол сәтте маған да жақын болашақта қабірдегілер тірі бейнедегі жаназалар түрінде көрінді. Әлгі мәз-мейрам боп күлгендерге қарап жыладым. Шошып та, аяп та кеттім. Ақылға салып, ақиқаттан. «Бұл не, бос қиял ма?!» деп сұрадым.
Ақиқат айтты. Елу жылдан кейін мына күліп-ойнап, мәз болып жүрген елудің бесеуі белі бүкірейген, жастары жетпістегі қарт болып, ал қырық бесі қабірде шіріп жатады. Анау ыржаңдаған бет-әлпеттер, мәз-мейрам күлкілер ұсқынсыз түрге енеді. كُلُّ اٰتٍ قَر۪يبٌ қағидасы бойынша, яғни келешек жақын дегендей, енді болатын нәрселерді болғандай етіп көрудің ақиқатқа қайшылығы жоқ, ол да ақиқатқа жатады. Олай болса, сенің көріп тұрғаның бос қиял емес.
Дүниенің бейқам, бос күлкілерінің ақыры осылай аянышты халге айналып, аяқталып тынады. Әлбетте бейшара адамзаттың мәңгілікке құштар, бақилыққа ғашық рухын шаттандыратын нәрсе, шариғатқа сай шеңбердегі шүкір. Сондай-ақ, өзінің үнемі Аллаһтың алдында екенін сезініп, халал көңіл көтеру және сауаптылығы жағымен мәңгілікке ұласар шаттану болмақ. Сондықтан, мейрам күндері адамдар бейқамдыққа салынып, тыйым салынған, харам шеңберлерге түсіп кетпеуі үшін, риуаят бойынша Зікіруллаһқа (Аллаһты ойлау, еске алу), шүкір етуге шақырып, мұсылмандарды құлшындырады. Сонда мейрам
күндері қуаныш пен шаттық дейтін нығметке шүкір етіп, ол шүкірлер сауапқа айналып, нығметтер одан әрі жалғаса бермек. Себебі, шүкір ету нығметті еселейді, ғапылдықтан сақтайды.
Мағынасы: "Нәпсі әрдайым жамандыққа итереді" деген аяттың және
Мағынасы: «Сенің ең қауіпті дұшпаның нәпсің» дейтін хадистің қысқаша тұжырымы.
Өзін жаман қылықтардан тазартпаған, нәпсісі жүгенсіз әрі өзін жақсы көретін адам өзгені жақсы көрмейді. Жақсы көрсе де шынайы емес, одан түсер пайда мен ләззатты ойлап, сол үшін жақсы көреді. Қашан да жағымпазданып, жақсы көрінгісі келіп тұрады. Ағаттық жіберсе өзін-өзі ақтап адвокат тәрізді қорғаштап, барын салады. Асыра сілтеп, тіпті, өтірік айтып өзін мақтап, ақтап алады. Бейне бір ешқашан қателіспейтіндей, қастерлеп жібереді. Содан да істеген ісіне қарай مَنِ اتَّخَذَ اِلٰهَهُ هَوٰيهُ аятының ауыр жазасын тартады. Ақырында өркөкіректігі мен жақсы көрінбекші болған әдеті, керісінше оны жеккөрінішті етіп, жағымсыз атанады. Сондай-ақ, ақыреттік істері ықылассыз болып, екіжүзділік басталады. Істің соңын көрмейтін, неге апаратынын ойламайтын, дайын ләззатқа құмар сезім мен нәпсіқұмарлыққа жеңіліп, бір сағаттық ләззат үшін бір жыл абақтыда жатады. Бір минуттық кеудем-соқтық немесе кек алу салдарынан, он жыл ауыр жаза шегеді. Құдды күн ұзаққа оқып, әрең дегенде алған сабағы, Құранның "Амме" парасының дәрісін бір түйір кәмпитке айырбастап жіберген әуесқой бала сияқты рақатқа батып, нәпсісін қандыру үшін алмас құндылығындай игі істерін түкке тұрғысыз, шыны тәріздес ләззат пен менмендікке жұмсап, ұтатын жерде ұтылып, шығынға ұшырайды.
Қысқа мерзімде жасалған күпірлікке жаза ретінде, жәһаннамда мәңгі азап шегу әділдік болып санала ма?
ЖАУАБЫ. Бір жылда үш жүз алпыс бес күн бар десек, бір минуттық адам өлтіру қылмысына жеті миллион сегіз жүз сексен төрт минут абақтыға қамалу керек екені адами әділет заңы болса, бір минут күпірлік мың адам өлтірумен пара-пар. Енді жиырма жыл өмірін күпірлікте өткізген және кәпір болып өлген адам, әлгі әділет заңы бойынша елу жеті триллион екі жүз бір миллиард екі жүз миллион жыл қапаста жатуына тура келеді. Олай болса خَالِد۪ينَ ف۪يهَا اَبَدًا деген Иләһи әділдік өте орынды екені түсінікті болды. Өзара бір-бірінен алыс екі есептің сәйкес болуының сыры мынада.
Адам өлтіру қылмысы мен күпірлік, екеуі де бұзу, қирату, біреудің ақысын жеу, жауыздық болғандықтан айналасына жағымсыз әсер етеді. Бір минуттық адам өлтіру қылмысы әділет заңы бойынша өлген кісінің ең аз дегенде он бес жылдық өмірін алғандықтан оның орнына қапаста жатады. Енді, бір минуттық күпірлік, Аллаһ тағалының мың бір есімін жоққа шығару, оның өнерлі істерін менсінбеу, әлемнің ақысын жеу, кемелдігін жоққа шығару. Сондай-ақ, Уахданиеттің сансыз дәлелдеріне сенбеу, куәліктерін қабылдамау болып саналатындықтан кәпірдің сазайын тартқызып, мыңдаған жыл тозақтың түбіне тастап, خَالِد۪ينَ сөзінің ішіне қамап тастау өте орынды.
Рисалей-Нұр шәкірттерін айыптап, жазалануын керек ететін қылмыстық істер заңының жүз алпыс үшінші бабы. Бір қызығы, бұдан бұрын Рисалей-Нұрдың авторы медресе құрылысына үкіметтен қаражат сұрағанда "жүз елу мың лира берілсін" деген қаулыға екі жүз депутаттың жүз алпыс үші мақұлдап қол қойған екен. Бұл кездейсоқ емес. Демек, жүз алпыс үш саны мынаны мегзейді: "Үкіметтің жүз алпыс үш депутаты Саид Нұрсидің медресе ашу жоспарын жоғары бағалап қол қоюы, жүз алпыс үшінші бабтың, үкімін жоққа шығарады.
Тағы бір керемет сәйкестік. Рисалей-Нұр жалпы жүз жиырма сегіз кітапшадан тұрғанымен бәрін жинақтағанда жүз он бес. Енді, Рисалей-Нұр шәкірттері мен авторының қамалған кезі 27/04/1935 жыл және соттың үкімі шыққан уақыт 19/08/1935 жыл. Арада жүз он бес күн өткен. Бұл да Рисалей Нұр кітаптарының санына сәйкес келіп тұр. Сонымен қатар жауапқа тартылып айыпты деп саналған жүз он бес кісінің санына сәйкес келеді. Бұл сәйкестіктер мынаны білдіреді. Рисалей Нұрдың авторы мен шәкірттерінің бастарына түскен қиыншылықты, бәле-жаланы Аллаһ аса қамқорлықпен реттеп отыр.
{(Сілтеме): Назар аударарлық жәйт. Рисалей-Нұр шәкірттерін ұстап, қамау кезеңі 1935 жылдың сәуір айының жиырма жетісі емес, сәл ертерек сәуірдің жиырма бесінде (25/04/1935) басталып, айыпты деп саналған жүз он жеті кісі деп көрсеткенмен екі кісінің аты-жөні екі рет қайталанып кеткен. Осылайша жүз он бес шәкірттің санына әлгі ұстаған күні мен үкім шығарылған күннің аралығындағы уақыт есептелсе жүз он бес саны шығады. Бұл да әуелгі сәйкестікке өзінше бір сән беріп, мағынасын тереңдете түседі.}
Бұл Леманың кіріспесінде Имам Хазіреті Али (р.а.) Рисалей Нұрға ишара қылғанын айтқан болатынбыз. Сол қуанышты хабарды бір бауырымыз естіп, құлшынғаннан шабыт келіп Рисалей-Нұр кітаптарын алмасқа, гауһарға, нұрға теңеп бірнеше хат жазыпты. Орайы келгесін осы жерге жазылуын жөн көрдік.
Тақуалық шеңберіне кірген шәкірт, қандай жағдайда болмасын Рисалей-Нұрдан, оның алмастай қымбат құндылығынан оңай қол үзіп, айырыла қоя ма?
Мен Рисалей-Нұрдың дәрежесі төмен ең нашар шәкірті болсам да оның кереметін, артықшылығын, қасиетін, рухани ләззатын көп көрдім. Мен секілді оның тәтті жемісін жегендер аз шығар, сірә.
Өзімнің қауқарсыздығыммен қатар Нұрларға қызмет ете алмасам да сіздің маған деген ыстық ықыласыңызға дән ризамын, шексіз қарыздармын. Сондықтан тек мен ғана емес, ешбір шәкіртіңіз осы берекелі алмастан, оның теңдесіз ләззатынан бас тарта қоймас деп ойлаймын. Кешірім сұрай отырып, егер рұқсат етсеңіз Рисалей-Нұр кітаптарын тінту кезінде болған екі кереметті айтып берейін. Абақтыға полиция қызметкерлері, әскери жандарм және түрме қызметшілері баса көктеп кіріп, заттарымыздың астаң-кестеңін шығарып тіміскілеп жатқанда ешкімге байқатпай әпкемнің сегіз жасар баласы келді де Рисалей-Нұр кітапшаларын сөмкесіне салып алып кетті. Олар мен отырған камераны тексеріп жатқан-ды.
Сәби камераға кірді де тексеру жүріп жатқанын көріп, бұрышта өзінше бөлек тұрған Нұр кітапшаларын сөмкесіне салғанын сол жердегілер байқамай қалады. Балаға ешкім еш нәрсе деген жоқ. Жанкешті бала үйіне барып, анасына былай депті: "Нағашымның әрдайым бізге оқып беретін Нұр кітаптарын алып қоя ма деп, олар басқа хат, кітаптарды ақтарып жатқанда байқатпай сөмкеме салып алдым. Бұларды бір жерге жақсылап тығып қойыңыз. Бұларды оқыған кезде тыңдағанды жақсы көрем, маған қатты ұнайды. Нағашым бізге оқып беруші еді ғой. Оқылған кезде мен басқаша бір күй кешемін" деп анасына ескертіп мектебіне қайтып оралады. Осылайша, "алмас", "гауһар", "нұр" қолға түспей аман қалады. Бұл керемет емей не?! Бұл Құрани мұғжиза емес деп кім айта алады?! Мұндай қасиет, мұндай ләззат басқа кітаптарда бар ма екен? Апыр-ай, осындай алмас, гауһар, нұр сөздерді кім айта алады. Мен ол үшін абақтыға бір мезгіл қамалуға ғана емес, әрқашан тіпті минут сайын қуана-қуана жанымды қиюға әзірмін. Менен кейін осы алмас, гауһар, нұр үшін балам Әмин де еш ойланбастан өмірін арнайтынына сенімдімін.
Енді осы алмас, гауһар мен нұрдың екінші кереметін баяндап берейін. Үш жастан сегіз жасқа дейінгі өзімнің және тума-туыстарымның балалары да осы жолда яғни алмас, гауһар, нұр үшін жанын пида ететіндерін дәлелдеген боламын. Бірде осы алмас, гауһар және нұрды оқып отырғанымда бәрі қасыма жинала қалды. Оларды иіскеп, сүйдім де әрқайсысына бір-бір шай бердім. Сөйтіп, «алмас», "гауһар", "нұрды" әрмен қарай оқи бердім. Олардың бір-бірімен жарыса: «Бұл не? Бұл не жазу?» деген сұрақтарына: "Бұл алмас, гауһар, нұр ғой" дедім. Оныншы Сөзді оқып жатқанымызға бірнеше сағат өтіп кеткенін байқамай қалыппыз. Балалар қызыға тыңдап, түсінбей қалған кезде дереу сұрайды. Мен осы алмас, гауһар, нұрды олардың түсінетін тілімен айтып жатып, жүздеріне қарасам құлпырып, гүл-гүл жайнап отыр екен. Мен олардың жүздерінен жеке-жеке, нұрлы Саидты көргендей болдым. Олардың: «Нұр қайсы? Гауһар қайсы? Алмас қайсы?» деген сұрағына: "Нұр деп осы кітаптарды оқуды айтады. Қараңдаршы! Жүздерің құлпырып жайнап кеттіңдер ғой". Олар да бірбіріне қарап, айтқанымды растап қояды. "Ал, алмас қайсысы?" дегенде: "Осы сөздерді жазуды айтады. Сол кезде яғни көшіріп жазсаңдар, сендердің жазуларың алмастай құнды болады" деп едім, бірауыздан
мойындады. "Енді гауһар қайсысы?" деді. Мен оларға: "Осы кітаптан алған имандарың гауһар емей не?" деп едім барлығы бірге "кәлима-и шәһәдат" айтты. Сұхбатымыз үш-төрт сағатқа созылғанын өзім де байқамай қалыппын. Міне, көрдіңдер ме «алмас», "гауһар", "нұр" деген осы!" дедім. Бәрі бір ауыздан растап, маған үңіле қарап: «Мұны кім жазған!» дейді.
Зекаидың түсі
Бүгін таңға жақын түсімде, Стамбулдағы Топхане жағалауына ұқсас мөп-мөлдір теңіз жағалауында тұр екенмін. Сәске уақыты болса керек, Күн сәулесі теңіздің бетіне шағылысып жалт-жұлт етіп, әдемі көрініс беріп тұр. Мен теңіз жаққа қарап тұр екенмін. Теңіздің оңтүстікке жақын орта шенінен бір жас жігіт жүзіп келді де арқасындағы бума сабанды жағаға шығарды. Ол жерде барлық бауырлар жиналып қалыпты (ақталып шыққан болса керек). Кенет жағалаудың бойымен батыс жақтан зымырап екі атты кісі шауып келе жатыр екен. «Ұстаз келе жатыр!» деген дауыс естілді. Құжынаған адамдар екіге айырылып, арасынан күрең атты, қара торы екі кісі шығысқа қарай өте шығып, ұзап бара жатты. Ал мен теңізге түскелі тұрғанымда оянып кеттім...
Егер мақсатың мақтану, өзіңді көрсету болса
Рисалей-Нұрдың ең көмескі жұлдызына тәуелді біреусің біліп қой!
Байқа, Рисалей-Нұрды жұлдыз деп ойлама, оған Жер шары ғана емес, Күннің өзі тәуелді.
Өте жақында көресің әлі-ақ, әлемге паш етер ол өзін.
Ол ешқашан сөнбейді, тек жасырынып қалуы мүмкін.
Өйткені ол - Нұр, Ол - жарқын нұр сөнбейтұғын. Ол ақиқаттың теңізі, һидает қой, ол тура.
Сен одан да مَنْ اَصْحَابُ الصِّرَاطِ السَّوِىِّ وَ مَنِ اهْتَدٰى дегенді айт.
Хақтан шағым айтуға әсте жарамас бауырым! Сенікі бос әңгіме.
Шариғатпен жүрген жанмын, Хақ тағалам біледі.
Рисалей-Нұрға жолықтырды һәм қызмет еттім мен оған.
Жәй кітап емес ол, оған Хәзіреті Али Мұртаза мен Ғаус Ағзам
"Джәлд жәлуте" кітабында және басқа еңбектерінде
Алдынала ишара қылып, шығатынын мегзепті.
Рисалей-Нұр үзілмейтін шынжыр, жабыстым мен мықтылап.
Ол һидает, ол нағыз ақиқат. Бірде бізді апарды ол бір жерге
Қарасам Жүсіп пайғамбар жүр сол жерде. Бізбен бірге жүр Хазіреті Ұстаз Саид Нұр.
Жиырма сегізінші леманың жиырма сегізінші тұжырымы
сынды аяттардың маңызды бір тұжырымы. Осы аяттарға дінсіздердің мін тағуына байланысты баяндалады.
Жындар мен шайтандардың тыңшылары аспандағы ғайби хабарларды тыңдап алып, хабар жеткізбеуі үшін, бақсы-балгерлер, материалистер мен медиумдар секілді ғайыптан хабар берушілердің кесірінен, уахиға шәк, күдік араласпауы үшін, Құран түсіп жатқан кезде олардың әрқашанғы істейтін ұрлық кәсіптеріне бұрынғысынан да бетер тосқауыл қойылып, жұлдыздармен атқыланған екен. Мұны осы аяттар айтып отыр. Осы аяттарға қатысты аса маңызды үш тармақты бір сұраққа қысқаша бір жауап.
Сұрақ. Осындай аяттарға қарасаң, шағын және жеке басқа қатысты ғайби бір оқиғаны біліп алу үшін, алыстағы аспан әлеміне ұры шайтандар ұмтыла ма? Сол аса ауқымды әлемнің кез келген жерінде әлгі шағын оқиға туралы айтылып жатқандай, қандай да бір шайтан тың тыңдаса болды, шала-пұла болса да әлгі хабарды естіп алып, жерге жеткізіп қоятын сияқты. Мұндай әңгіме ақылға сыймайды. Хикметке де қайшы ғой.
Сондай-ақ, аяттарды оқысаң аспанның үстіне орналасқан Жәннаттың жемістерін кейбір пайғамбарлар мен әулиелер бейне бір жақын жерден үзіп жеп жатқан сияқты мағына шығады. Яғни шексіз алыс нәрсе жақын жерде, тіпті дәл қасында тұрғандай көрінеді. Мұндай нәрсе қазіргі заманның адамдарының ойына сыймайды.
Елеусіз бір адамның болмашы бір хал-жағдайы сонау көк аспандағы періштелердің арасында әңгімеге арқау болуы бір қарағанда түсініксіз. Шексіз әлемнің хикметке толы басқару ісіне үйлеспейді. Иләһи аса күрделі хикметке керағар құбылыс. Алайда, осы аталған үш мәселе де Исламның ақиқаты болып саналуы қалай?
ЖАУАБЫ. Біріншіден, Он бесінші сөз атты рисаледе, жеті баспалдақ түрінде, жеті нақты кіріспе түрінде
аяты айтып отырған, тың тыңдаушы, ұры шайтандар жұлдыздармен қалай атқыланып, аспаннан қалай қуатыны өте тамаша дәлелденген-ді. Аса қырсық материалистердің өзін мойындатып, ауызына құм құйып, қабылдауға мәжбүр қылып еді.
Екіншіден. Ақылы таяз кісілерге мүмкін емес сияқты көрінген Исламның үш ақиқатын олардың деңгейіне жақындату үшін, бір тәмсіл арқылы ишара қыламыз.
Мәселен, бір елдің қорғаныс министрлігі елдің шығысында орналасқан, ал әділет басқармасы батыс жақта, ал оқу-ағарту министрлігі солтүстік беткейіне, Ғылым министрлігі оңтүстігіне және үкімет үйі дәл орталыққа орналасқан дейік. Олар өзара сымсыз телефон, телеграф арқылы жүйелі түрде әрбір министрлік өзіне қатысты хал-жағдайды біліп отырады. Ол кезде бейне бір үкіметтің барлық органдары әділет басқармасының ішінде орналасқандай көрінгенмен бір жағынан алғанда ол қорғаныс министрлігі болуы яғни оның қызметін атқаруы да ғажап емес және үкімет үйі бола тұра оқуағарту, білім беру басқармасы болып та саналады.
Мысалы, бірнеше елдің және әтүрлі штаттары бар мемлекеттердің кейде отарлау саясатымен немесе алпауыт ел болғасын немесе сауда-саттық қатынасқа байланысты бір елде сан алуан әкімшілік орталықтары орналасқан болуы мүмкін. Манағы отарланған елдің халқы мен ұлты бір бола тұра әрбір өкімет өз үстемдігін жүргізіп, сол халықпен тығыз байланыс құрады. Өзара өте алыс орналасқан әлгі өкіметтердің қарым-қатынастары керемет ұштасып жатады. Әрбір үйде жаңағы өкіметтер бір-бірімен байланысып, әрбір адаммен бірлесе жұмыс істеуі мүмкін.
Өзара ұштасып жатқан тар шеңберде шағын мәселелер қаралуы ғажап емес. Бірақ шағын мәселенің әрқайсысы жалпыға ортақ орталық басқармада қаралып жатыр деп айта алмайсың. Дегенмен, ондай шағын мәселелер туралы айтылған кезде, ол тікелей орталық басқарманың заңымен, рұқсатымен болатындықтан әлгі орталық басқармадан реттеліп жатқан сияқты көрінеді және сол орталықта қаралған мәселе секілді қабылданып, солай түсініледі.
Міне, осы екі мысалға сүйене отырып айтпағымыз, аспан атты кең байтақ елдің астанасы, яғни орталығы тұрғысынан алғанда өте алыс болғанымен "арз", яғни жер шары мемлекетіндегі адамдардың жүректерімен байланысып жатқан рухани телефондар бар. Аспан әлемі деген кезде тек материалдық, көзге көрінетін нәрсені ойлау қате. Ол, рухтар әлемін, мәләкут әлемін қамтитын ұлан-ғайыр әлем. Сондықтан белгілі бір мағынада біздің әлемді де қанатының астына алып, түгел қамтып жатыр. Сондай-ақ, мәңгілік мекені, бақи әлем Жәннат та өте алыс болғанымен оның ауқымды көлемі перде артынан нұрлы түрде әр тарапты қамтып, ұлан-ғайыр аумаққа жайылып жатыр.
Мәселен, Сани-ы Хаким Аллаһ өз хикметімен адамның бойына орналастырған сезім мүшелерін алайық. Олардың басқару нүктелері әр жерде болғанымен, әрқайсысы денені жүйелі түрде басқарып, толық қадағалап отырады. Дәл сол секілді мына алып адам секілді ғалам да бір-бірінің ішіне орналасқан шеңберлер тәрізді мыңдаған әлемдерді қамтып жатыр. Ол жерлерде болып жатқан жағдайлар мен оқиғалар жалпылай әрі жеке-жеке түрде жалпыға ортақ әрі биік мақамдарда қаралады.
Алайда, кейде кішкене әрі жеке мәселе, үлкен әлемді қамтуы мүмкін. Қай бұрыштан тыңдалса да ол мәселе жайлы естуге болады.
Кейде оған үлкен мән берілуі, баса назар аударылуы, дұшпанның күштілігінен емес, мәселенің маңыздылығын, айбындылықты байқату үшін, үстемдігін көрсету үшін жасалады.
Мәселен, Мұхаммедтің (с.а.у.) Пайғамбарлығы немесе Құранның түсуі секілді аса маңызды оқиғалар бүкіл аспан көлемінде маңызды болғандықтан, тікелей періштелердің өзі, алып аспанның шоқ жұлдыздарында күзетшідей тізіліп алып, хабар ұрлайтын, тың тыңдайтын шайтандарға алып жұлдыздарды оқша лақтыратынын, осылайша сұғанақтарды аластайтынын көрсету арқылы және осы мағынаны түсіндіру арқылы Құранның түсуі қаншалықты ұлық мәселе екенін көрсетеді. Ешбір күдік, күмән қалмауы үшін Раббани ишара түрінде сол кезеңдерде жұлдыздардың жиі ағуы, шайтандарды көздеп отты жұлдыздардың көп лақтырылғанын білдіреді. Баяны мұғжиза болған Құран осы оқиғаны шебер жеткізген және аспан құбылыстарының сырын ашқан.
Бір ғана періштенің үрлегеніне төтеп бере алмай ұшып түсетін тыңшы шайтандарды осыншама аспани алып ишаралармен қарсы күрестіруі, Құранның уахи, яғни көктен түскендігін, бәрінен үстем екенін көрсету үшін.
Сондай-ақ, осындай Құрани баян мен аспани оқиғаларға көп мән берілуі, жын-шайтандардың аспан тұрғындарымен тайталасатындай күшті екенін білдіру үшін емес. Бұл, Мұхаммедтің (с.а.у.) жан жүрегінен бастап сонау аспан әлеміне дейін, жер бетінен бастап, сонау Арш-ы Ағзамға дейін жайылып жатқан қашықтықтың ешбір жерінде, ешбір тұрғыда бірде-бір шайтанның араласуына жол жоқ екенін білдіру үшін. Құрани уахидің алып аспанда күллі періштелер арасында айтылуға тұрарлық үлкен ақиқат болғандығында. Сондықтан, оған біршама жанасу үшін шайтандар сонау көкке көтерілуден басқа шара таба алмай, бірақ ол әрекеттері де сәтсіз аяқталып, жұлдыздармен атқыланды. Бұл жағдай мынаған ишара қылады. Мұхаммедке (с.а.у.) келген уахи және Мұхаммедтің (с.а.у.) алдына келген Жәбрайыл сондай-ақ, Мұхаммедке (с.а.у.) көрінген ғайби ақиқаттар еш күмәнсіз нақты әрі тура. Ешбір тұрғыдан күдік кіре алмайды дегенді Құран мұғжизалы түрде хабар беруде.
Ал енді, Жәннат алыс әрі бақи әлем бола тұра өте жақыннан көрінуі және кейде жемісінен дәм татуына келер болсақ, бастағы екі тәмсілден түсінікті болғанындай, мына пәни әлем және мына нақты
дүние, ғайып әлеміне перде болып тұр. Жәннаттың орталығы өте алыс болғанымен мысал әлемі арқылы әртарапта көрінуі мүмкін. Сондай-ақ, өте күшті иман арқылы жәннаттың мына пәни әлемдегі бөлімшелері, мысалдары болуы мүмкін. Жүрек арқылы мәртебесі биік рухтармен тікелей байланысы болуы мүмкін. Ол жақтан сыйлықтар келіп жатса да ғажап емес.
Енді, ауқымы кең жалпыға ортақ шеңбердің жеке басқа қатысты шағын оқиғалармен шұғылдануы болса, яғни бақсы-балгерлерге болашақ туралы хабар әкелу үшін жын-шайтандар сонау көктерге көтеріліп тың тыңдап, шала-пұла, жалған хабарлар әкеледі деген тәпсірдің мағынасы мынадай болса керек. Олар аспан әлемінің орталығына дейін барып, әлгі кішкене хабарды әкеледі деп түсіну қате. Олар тек қана ауа қабатына шейін жайылып жатқан аспан әлеміндегі, бейне полиция бөлімшелері секілді кейбір бөлімшелерге жетуі мүмкін. Онда жермен байланыстар жасалады. Шайтандар шағын жеке мәселелер үшін әлгі кішкене бөлімшелерге құлақ қойып, тың тыңдайды. Тіпті, адамның жүрегі де сондай бөлімшелердің бірі. Ол жерде де илһам періштесі мен өзіндік шайтаны алысып, күрес жүріп жатады. Имани ақиқаттар, Құрани шындықтар және Мұхаммедтің (с.а.у.) пайғамбарлығы сырттай елеусіз көрінгенімен, маңызы зор мәселе болып, кең шеңберде, яғни Арш-ы Ағзамда, аспан әлемінде, ғаламның тағдыры жазылатын басылымдарда жарияланғандай аспан кеңістігінің барлық жерінде белгілі болады.
Сонымен қатар, Мұхаммедтің (с.а.у.) жан жүрегінен бастап, сонау арш әлеміне дейін жайылып жатыр дегені, басқалардың қол сұғуы, араласуы ешбір тұрғыдан мүмкін емес екенін айғақтайды. Сондықтан, аспанға шығып құлақ түріп, тың тыңдағаннан басқа шайтанның шарасы жоқтығын білдіреді. Ал, Құранның түсуі мен Мұхаммедтің (с.а.у.) пайғамбарлығы қаншалықты жоғары ақиқат әрі нақты екені және оған ешбір тұрғыдан жалған хабарлар, алдау, арбау, ақиқатқа жат нәрселердің араласуы тіпті, оның маңына жақындау мүмкін еместігін бұл аяттар өте шешен, таңғажайып тәсілмен жеткізген, солай екенін көрсететін терең мағыналар жатыр.